Байланыс секторын дамыту Қазақстан үшін әрқашан стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мемлекет басшысы жаңа буын желілерінің өрісін кеңейту маңыздылығын, қажеттілігін үнемі атап өтуде. 5G енгізілгеннен кейін байланыстың дәл осы түрінің бүкіл елге тез таралуы үшін барлық шаралар қабылданды. 2023 жылдан бастап екі ұялы байланыс операторы — Kcell («Кселл» АҚ) және Tele2/Altel («Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС) инфрақұрылымды белсенді дамытып, 5G желілерінің аясын кеңейтуде. Біз бұған дейін Қазақстанның ЕАЭО-дағы 5G желісін іске қосқан және белсенді дамытып келе жатқан жалғыз ел екенін жаздық.

ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының соңғы қолда бар деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың соңына қарай халықты 5G желісімен қамту 38,2%-ды құрады. 2024 жылы желілердің өрісін кеңейту жалғастырылды, демек, биылғы жылы нәтижелер әлдеқайда жақсы болатыны анық. Қазақстанда 4G желісімен қамту 89,2%-ды, 3G желісімен қамту 95%-ды құрайды.

Айта кетерлігі, 5G желілерін орнату еліміздің көптеген өңірлері мен қалаларында қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, Kcell Қазақстанның 20 өңірінде бесінші буын желінің өрісін кеңейтуде. Бүгінде Kcell желісінде 5G технологиясы бойынша 1172 базалық станция (БС) жұмыс істейді. Атырау, Орал, Қызылорда қалаларында жоспар 150%-дан артық орындалды. Тек бір Ақтөбенің өзінде 40 5G базалық станция жұмыс істейді және желіні орнату жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын атқарылып жатыр. Бұл технологияны қолдану бойынша ең белсенді қала Шымкент болды, онда 240-тан астам БС орнатылған.

2027 жылға дейін Kcell бүкіл Қазақстан бойынша 3527 5G базалық станциясын орнатуды жоспарлап отыр, оның ішінде Алматыда 860 БС және Астанада 621 БС орнату көзделуде.

Сондай-ақ оператор тіпті ең қиын әрі қолжетімді емес жерлерді де интернетпен қамтамасыз етеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айында Kcell Алматы метросында 5G желісін бірінші болып іске қосты, деп хабарлайды TengriNews. Қазіргі уақытта оператор Алматы метрополитенінің бекеттерін интернетпен және 5G, сондай-ақ 4G және 3G технологиясы бойынша байланыспен қамтуды белсенді түрде жалғастыруда. Бүгінгі таңда компания активінде 11 метро бекетінің 7-еуін интернет желісіне қосты, қазіргі таңда қалған бекеттерге желілік инфрақұрылымды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Оңтүстік астанамыздың тұрғындары мен қонақтары «Райымбек», «Жібек Жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов атындағы театр» және «Алатау» бекеттерінде барлық телеком-қызметтерді және цифрлық сервистерді пайдалана алады. Мәселен, «жер асты» пойыздары тәулігіне 100 мыңға дейін жолаушыны тасымалдайды, ал жылына жолаушылар саны шамамен 25 млн адамды құрайды, олар енді байланыс аясынан тыс қалмайды және барлық телеком-қызметтерді, сервистерді пайдалана алады.

Дәл осы 5G желісінің іске қосылуының арқасында Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша рейтингте айтарлықтай жоғарылады. Speedtest.net деректеріне сүйенсек, біздің еліміз бір жылдың ішінде мобильді интернет жылдамдығы бойынша рейтингтегі позициясын 2023 жылғы қарашадағы 67-орыннан 2024 жылғы қарашадағы 58-орынға дейін жақсартты, ал орташа жылдамдық 51,3%-ға, 53,69 Мбит/с шамасына дейін өсті. Айта кетерлігі, жақында ғана интернет жылдамдығы бойынша рейтингте Қазақстан 100-інші орында болатын. Мұндай динамика сектордың қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл рейтингте Қазақстан ЕАЭО мен ОА-ның барлық мемлекеттерінен, сондай-ақ Жапония, Түркия, Испания, Черногория, Ирландия сияқты және т. б. елдерден көш ілгері тұр.

Осы жылдың басында Ookla (Speedtest.net) мамандары 5G желісі өрісінің кеңеюіне байланысты Қазақстанда ұялы байланыс көрсеткіштерінің жақсарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның өзінің цифрлық трансформация стратегиясын қолдау және цифрлық алшақтықты жою үшін 5G технологиясын қолдануға ұмтылатынын айтты.

Төменде берілген ақпараттық кестеде 5G желісінің үш негізгі артықшылығын келтіріп отырмыз.