Әлемнің көптеген елдерінде бесінші буын (5G) желілерін ендіру қызу жүргізіліп жатыр. Байланыс операторлары бұл технологияға қомақты қаржы салуда. 2023 жылы бүкіл әлем бойынша 1,5 миллиардтан астам 5G байланыс нүктелері қосылды. Мұндай нәтиже технология енгізілгеннен кейін небәрі төрт жыл өткен соң байқалды, сол себепті аталған технология — мобильді кең жолақты байланыстың ең жылдам дамып келе жатқан технологиясы.
Ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында 5G қосылымдарының саны 160 миллионға өсіп, жалпы саны 1,7 миллиардтан асты.
2028 жылы 5G жазылымдар бойынша мобильді байланыстың басты технологиясы болады деп күтілуде. Болжамдарға сүйенсек, әлемдік 5G қосылымдары 2029 жылы шамамен 5,6 миллиардқа жетеді, бұл сол кездегі барлық мобильді жазылымдардың 60%-ын құрайтын болады.
2023 жылдың соңында құрлықтық Қытайдан тыс орналасқан халықтың шамамен 40%-ы 5G желісімен қамтылған және бұл көрсеткіш 2029 жылға қарай шамамен 80%-ға дейін өседі деп болжануда.
Қазақстанға тоқталсақ, біздің еліміз бесінші буын желілерін қолдану процесін бастаған санаулы елдердің бірі. Қазақстанда Kcell («Кселл» АҚ) және Tele2/Altel («Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС) ұялы байланыс операторлары 5G желісін іске қосуды қолға алған. Операторлар аталған іске өте қомақты қаражат салуда. Мысалы, 2023 жылы Kcell бұл салаға шамамен 177 млрд теңге инвестиция құйды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп (41,6 млрд теңге). Мұндай айырмашылық 5G желілерінің іске қосылуына байланысты туындап отыр.
Kcell негізгі құралдарға 74,2 млрд теңге, материалдық емес активтерге 102,7 млрд теңге жұмсады. Мұндай үлкен инвестиция, оның ішінде 5G желісін дамытуға жұмсалған қомақты қаражат 2023 жылдың, сондай-ақ биылғы жылдың қорытындысы бойынша компанияның жалпы табысына әсерін тигізді. Оператор өз пайдасын саланы барынша дамытуға жұмсауда.
2023 жылы Kcell 5G базалық станцияларының санын 480-ге дейін жеткізіп, бесінші буын желілерін қолданысқа беру бойынша өзіне жүктелген лицензиялық міндеттемелерді асыра орындады. Жыл соңына дейін 17 қалада тұратын жарты миллионға дейін қазақстандық жаңа технологиялар базасында заманауи телекоммуникациялық қызметтер мен цифрлық сервистерге қол жеткізді.
2023 жылы 5G станциясына пайдалануға берілген базалық станциялардың жалпы санының шамамен 40%-ы қосылды.
Биылғы жылға келетін болсақ, бүгінде компания бүкіл ел бойынша 986 жаңа буын базалық станциясын орнатты. Республикамыздың жиырма қаласының тұрғындары байланыспен және интернетпен (5G) қамтамасыз етілді. Өз гаджеттерінде 5G модулі бар миллионнан астам қазақстандық жаңа байланыс технологиясы бойынша барлық телекоммуникациялық қызметтер мен цифрлық сервистерді пайдалана алады.
Осылайша, атқарылған жұмыстар мен қомақты инвестициялардың арқасында Қазақстан бесінші буын желілерін дамытушы әрі оларды серпінді түрде орнатуға қатысатын елдердің қатарына енді.
Бұл орайда көрші елдерде жағдай айтарлықтай ерекше, әсіресе, ЕАЭО-ға қатысушы елдерде байқалады.
Мәселен, Ресейде бесінші буын желісі әлі күнге дейін коммерциялық пайдалануға толық берілмеген. Жағдайды қиындатып тұрған бірнеше фактор бар: 5G жабдықтарын шығаратын батыстық өндірушілер елден кетті, мұнараларды орнатуда қиындықтар бар, жиіліктерге қатысты түсініксіз тұстар бар, ал отандық телеком-нарықтың назары 4G үшін инфрақұрылымды қолдауда, бұл мәлімет Т—Ж-да берілген. РФ Қаржы министрлігі 2035 жылға дейін ұялы байланысты дамытуды жоспарлап отыр. Ол туралы түрлі кездесулерде және ақпарат құралдарында ведомство басшысы Максут Шадаев айтқан болатын. Осы жоспарға сәйкес желі қалай дамиды:
• 2028 жыл — 5G барлық миллионнер қалаларда пайда болады;
• 2030 жыл — 5G халқы 500 мыңнан асатын қалаларда қосылады;
• 2031–2035 жылдар — 5G халқы 100 мыңнан асатын қалаларда іске қосылады.
Ал бұған дейін азаматтардың қажеттіліктерін LTE қамтамасыз етеді. Үкімет үшін бұл халыққа арналған негізгі инфрақұрылымның құрамдас бөліктерінің бірі.
Қырғызстанда 5G енгізу мәселесі әлі де талқылану үстінде. Алайда, 2022 жылдың тамызында елдің Цифрландыру жөніндегі министрлігі дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, жиілік жолақтары босатылғанын хабарлады (24.kg ақпараты). Жетекші ұялы байланыс операторлары 5G-ды пилоттық сынақтан өткізді. Олар 1,5 Гбит/с деңгейіндегі жылдамдықты көрсетті. Бұл қазіргі республикадағы 4G желісіне қарағанда шамамен он есе жылдам.
Ал ағымдағы жылдың басында Қырғызстанның министрлер кабинеті 24.01.24 жылғы № 14-р өкімін шығарып, 2024 жылға арналған Іс-әрекеттер жоспарын бекітті. Негізгі тармақтардың бірі (230-т) — 3400–3750 МГц радиожиілік ресурсын сауда-саттық арқылы жүзеге асыра отырып сымсыз жүйелерді (5G) дамыту. Аталған тармақты іске асыру мерзімі 2024 жылғы 1 қазан деп белгіленді.
ЕАЭО-ның тағы бір қатысушысы Беларуське келетін болсақ, елде бес жылдан астам уақыт бойы 5G енгізу туралы әңгіме қозғалып келеді, бірақ әлі күнге дейін нақты бір нәтиже жоқ. Биыл 12 қыркүйекте Президент жанындағы Стратегиялық жобалар жөніндегі кеңестің отырысында мынадай мәселелер қаралды: экономика салаларында IMT-2020 (5G) стандартындағы жылжымалы электр байланысы технологияларын енгізу стратегиясының жобасы; 5G жылжымалы электр байланысының аумағына және сапасына қойылатын талаптар жүйесі, елде 5G жылжымалы электр байланысы желісін құру жөніндегі инвестициялық жобасы іске асырылатын бизнес жоспардың жобасы; байланыс операторларының бірыңғай инфрақұрылымдық оператормен өзара әрекеттесу тәртібі (БЕЛТА ақпараты). Талқылау нәтижелері бойынша Стратегиялық жобалар жөніндегі кеңес уәкілетті органдарға ұсынылған жобаларды экономика салалары мен елдегі аймақтарға енгізу үшін талап етілетін кезеңдерді, мерзімдерді сақтай отырып, кеңес мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескеріп, іске асыруды міндеттеді. Демек, Беларусь елінде бесінші буын желісі қай уақытта енгізілетіні әлі белгісіз.
ЕАЭО-ның соңғы қатысушысы Арменияда бесінші буын желісі коммерциялық пайдалануға берілмеген. Ағымдағы жылдың тамыз айында ғана Жоғары технологиялық индустрия министрлігі 5G кең жолақты желісін орналастыру үшін пайдаланылатын 3600–3800 МГц жиілік диапазонын кеңейтетінін жариялады.
Қазіргі уақытта ведомство жалпыға қолжетімді 5G мобильді кең жолақты байланыс үшін сапа стандарттары мен тендерлік пакеттің шарттарын әзірлеуде. Жобаны сәтті іске асыру үшін Арменияның ұялы байланыс операторларымен бірқатар кездесулер өткізіледі. Бұл кездесулерде 5G желілерін енгізуге байланысты мәселелер талқыланады, сондай-ақ операторлардың алдағы тендерге қатысуға және қажетті жұмыстарды орындауға дайындығы мен қызығушылығы бағаланады.
Қорытындыласақ, ЕАЭО-ның барлық қатысушыларының арасында Қазақстан — 5G желісін коммерциялық пайдалануға беріп қана қоймай, желіні бүкіл аумақ бойынша белсенді түрде енгізіп келе жатқан жалғыз ел. Айтып өткеніміздей, қазіргі таңда, бесінші буын желісі Қазақстанның шамамен 20 ірі қаласын қамтиды.