Электрондық сауда әлемде ғана емес, Қазақстанда да ең танымал ритейл түрлерінің бірі болып табылады. Интернет арқылы тауарларға немесе қызметтерге тапсырыс бермеген адамдар ендігі табылмайтын да шығар. Елдегі электрондық сауданың негізі — маркетплейстердің болуы. Бүгінгі таңда ҚР тұрғындарына көптеген отандық және шетелдік маркетплейстер қолжетімді.

Шетелдік маркетплейстер жайлы толығырақ айтайық. Қазақстандықтар үшін олардың көпшілігі қолжетімді, оның ішінде ең танымал маркетплейстердің қатарында бір компанияның қытайлық екі маркетплейсі — Temu және Pinduoduo бар. Бұл маркетплейстердің танымалдылығы олардың баға саясатымен, сондай-ақ агрессивті маркетингтік науқандармен байланысты. Сапасы төмен тауарлар арзанқол бағаға сатылады.

Бұл шолуда біз осы маркетплейстердің ел экономикасына, шағын және орта бизнеске, жалпы қарапайым тұтынушыларға әсерін талдаймыз.

Ең бастысынан бастайық: бұл екі маркетплейстің қазақстандық, тіпті басқа шетелдік маркетплейстерден, мәселен Wildberries немесе Ozon-нан айырмашылығы неде?

Басты айырмашылығы — Temu мен Pinduoduo Қазақстанда тіркелмеген, ал Wildberries пен Ozon компанияларының елімізде өкілдіктері бар. Тіркеудің болмауының проблемасы неде? Шын мәнінде бұл жерде өте көп проблема бар, олардың барлығын талдап шығу оңай емес. Олардың ең өзектілерін қарастырайық.

Біріншіден, тіркеу болмаған кезде маркетплейс елдің бюджетіне ешқандай аударым жасамайды — кедендік немесе басқа баждар, сондай-ақ салықтар төлемейді. Бұл, ең алдымен, мемлекеттің экономикалық тұтастығына нұқсан келтіреді, сонымен қатар, баждар мен салықтарды төлеп, өз қызметін заң бойынша жүзеге асыратын шағын және орта бизнес субъектілеріне кесірін тигізіп жатыр. Біз ҚР-ның қандай маркетплейстері ең көп салық төлейтіні туралы жазған болатынбыз: бұл тізімде бірде-бір қытайлық маркетплейс жоқ. Бұл маркетплейстерде жергілікті бизнес жұмыс істейтінін, оның да ел бюджетіне жиынтығында триллиондаған теңге аударатынын айтпағанда, Қазақстанда тіркелген компаниялардың салық түрінде бюджетке жіберетін сомалары миллиардтаған теңгені құрайды.

Екіншіден, компанияда жергілікті тіркеу болмаған кезде тұтынушылар ешқандай жолмен қорғалмайды. Былайша айтқанда, шағым келтіретін ешкім жоқ.

Енді жергілікті кәсіпкерлерге толығырақ тоқталайық. Tengrinews хабарламасы бойынша, биыл жазда ғана QazTech технологиялық компаниялар альянсы ұйымдастырған дөңгелек үстелде ҚР шағын және орта бизнес өкілдері қазақстандық нарықта ірі шетелдік сауда алаңдарының кеңінен өрістеуіне қатысты үлкен алаңдаушылық білдірді.

Ескерте кетейік: бұл тек қазақстандық емес, жалпы әлемдік проблема. Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айында Индонезия үкіметі қосымшалар дүкендерінен Temu-ды алып тастау туралы қаулы қабылдады. Бұл шара шағын бизнесті қорғау керек болатын. Жақында Вьетнам да айдың соңына дейін Temu алаңы мен қытайлық Shein жылдам сән дүкеніне тыйым саламыз деп сес көрсетті. Тыйым салу нәтижесінде олар елде бизнес жүргізуге рұқсат алмаған, деп хабарлады The Guardian.

Cube аналитикалық фирмасының негізін қалаушылардың бірі Саймон Торрингтің айтуынша, Қытайда өндірілген, көбіне импортқа ең төмен салық салынатын неғұрлым арзан өнімдердің қаптап келуі жергілікті сатушылар мен өндірушілерге зиянын тигізді. Олар жылдамдығы мен бағасы бойынша маркетплейстермен бәсекелесе алмайды.

Reuters агенттігінің деректері бойынша, соңғы қаржы жылында барлық салада 2 мыңға жуық тай зауыты жабылған. 50 мыңнан астам адам жұмысынан айырылған. Бұл ішінара Қытай тарапынан бәсекелестіктің күшеюіне және шығындардың өсуіне байланысты.

Temu-дың қытайлық баламасы — Pinduoduo 2015 жылдан бері жұмыс істейді, ал жаһандық платформа АҚШ-та 2022 жылы іске қосылды және келесі жылы еуропалық нарықтарға шықты. Temu 2023 жылы Филиппин мен Малайзиядан бастап, биыл Таиланд, Бруней және Вьетнамға дейін Оңтүстік-Шығыс Азияда тамырын кеңінен жаюда.

Қарапайым мысал: Temu-да 3 АҚШ долларына сатылатын тоқылған сабан сөмкелерді Индонезиядағы жергілікті сатушылар алты есе қымбатқа сатады. Вьетнам нарықтарында 15 АҚШ долларына сатылатын курткалар Temu-да дәл сол бағада қолжетімді әрі тегін жеткізіледі. Тұтынушылар арзан тауарларға қолжетімділіктің артуын пайдаланып жатқанда, жергілікті кәсіпорындар өз үкіметтерінің әрекетке көшіп, салық төлеп жүрген отандық бизнесті қорғағанын қалайды.

Индонезия 2023 жылы салықты көтеру және әлеуметтік желілердің платформаларында электрондық коммерцияға тыйым салу арқылы ең қатаң позицияны ұстанды, бұл жұмысын жалғастыру үшін TikTok Shop-ты қиындыққа тап болған жергілікті бәсекелесті сатып алуға мәжбүрледі.

Нәтижесінде біз Қытай экспансиясының Азия елдерінде тек сауда саласында ғана емес, жалпы экономиканың көптеген салаларында, соның ішінде өнеркәсіпте жергілікті бизнесті жойып жатқанын көріп отырмыз.

Қытайлық маркетплейстер Қазақстанға қандай қауіп төндіріп тұр? Біріншіден, сауданың ел экономикасында алатын орны ерекше екенін айта кеткен жөн: нарық бүкіл ЖІӨ-нің 18,2%-ын құрайды, бұл басқа секторлармен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіш.

Екіншіден, сауда саласы сонымен қоса жұмыспен қамту деңгейі бойынша көш бастап тұр — бұл секторда елдегі барлық жұмыспен қамтылған адамдардың 16,7%-дан астамы жұмыс істейді.

Үшіншіден, Қазақстанның ең басты міндеттерінің бірі өңдеуші өнеркәсіптің пайдасына шикізаттық экономикадан кету болып табылады. Мұндай жағдайда, егер шара қолданылмайтын болса, ҚР-да туындап келе жатқан шағын өнеркәсіптік өндіріс жойылып кетеді.

Төртіншіден, бақыланбайтын шетелдік маркетплейстер сапасыз әрі контрафактілік өнімдер тұрғысынан ең жоғары тәуекел көтереді. Бұл, сайып келгенде, арзандығымен қуантудың орнына, халықтың қалтасын қағып қана қоймайды, сонымен қатар өмір сүру сапасы мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бұған бір айқын мысал: Еуропалық комиссия (ЕК) Цифрлық қызметтер туралы заңға сәйкес Қытайдың Temu сауда алаңына қарсы тергеу бастады. ЕК сайтында бұл алаңның Цифрлық қызметтер туралы заңдағы еуропалық нарықта заңсыз өнімдерді сатуына байланысты тармақтарды бұзғаны мәлімделген. Оның үстіне комиссия интернет-ритейлерді клиенттерге жалған жеңілдіктер берді, жалған пікірлерді жариялады (яғни, іс жүзінде сапасы тексерілмеген тауарлармен сауда жасады), жеткізушілер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі және қосымшаның дизайны тәуелділік тудырады деп айыптайды.

2024 жылдың басында Еуропалық ойыншықтар қауымдастығы Temu-да сатылатын балалар ойыншықтарының 95%-ында қауіпсіздік тәуекелдерін анықтады. Неміс тұтынушылардың құқықтарын қорғау қауымдастығы бірнеше рет ескертулер жасады және заңсыз әрекеттерді тоқтату немесе талап арыз келтіру туралы осындай соңғы ресми хабарлама осы көктемде жіберілді.

Осылайша, егер Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдеріндегідей ҚР-да белгілі бір шара қолданылмайтын болса, Қазақстанға келген Temu мен оның «бауырласы» Pinduoduo экономиканы құлдыратып, еліміздегі шағын және орта бизнесті құртады: мұның салдарынан кәсіпкерлік құлдырап, өнеркәсіп жойылады, жұмыссыздық деңгейі өседі, азаматтардың денсаулығына зиян келтіру қаупі артады және тағы басқалары.