Кеспе және жалпы макарон өнімдері қазақстандықтардың ас мәзірінің маңызды элементі. Сектордағы өнімдердің барлық түрлері көптеген ұлттық тағамдардың негізі, оның ішінде бесбармаққа да пайдаланылады.
Биыл бірінші тоқсанда ҚР-да макарон өнімдерінің өндірісі 39,3 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен шамалас (0,8% азайған). Негізгі өндіріс Қостанай (6,8 мың тонна, бір жылда 6,9% өскен) және Солтүстік Қазақстан (6,7 мың тонна, 8,9% өскен) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (6,3 мың тонна), Батыс Қазақстан облысында (5,4 мың тонна) және Астанада (5 мың тонна). Осы бес облыстың үлесіне саладағы жалпы өнім көлемінің 77%-ы тиесілі.
Өндірістің шамамен 35%-ы жұмыртқа қосылған макарон өнімдері: 2023 жылдың алғашқы үш айында 12,8 мың тонна өндірілді. Оның ішінде 11,7 мың тоннасы әр түрлі макарон өнімдері, 1 мың тоннадан астамы кеспе. Шығарылған өнімнің тағы 65%-ы, 26,5 мың тоннасы жұмыртқасыз макарон өнімдері.
Жалпы, 2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында сектордағы өндіріс 166,1 мың тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4% өсті. Өндірістің рекордтық көлемі 2020 жылы тіркелді, бұл көрсеткіш бірден 178,9 мың тоннаны құрады.
Елімізде макарон өнімдерінің танымалдылығын ескере отырып, саланың дамуы үлкен маңызға ие, сондықтан өндірістің кеңеюін өте оң көрсеткіш деуге болады. Мысалы, 2019 жылы павлодарлық «Машам» бренді Астанада жаңа қуаттарды іске қосты. Кәсіпорын бесбармақ, лағман және көжеге арналған жұмыртқа қосылған кеспе шығарады. Өндірістің кеңеюіне «Даму» қоры Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жәрдемдесті. Несиелік қолдау серіктес қаржы институты — ForteBank арқылы көрсетілді.
ForteBank «Дамумен» бірлесе отырып, жылдық небәрі 8% жеңілдік мөлшерлемемен шағын және орта бизнесті несиелейді («Даму» қорының мөлшерлемені субсидиялауын қосқанда). Максималды қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін, ең жоғары сома 3 млрд теңгеге дейін. Бағдарлама саудадан басқа экономиканың басым секторлары үшін жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының құралдары арқылы ҚР тамақ өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары қаржыландырылды. Сондай-ақ, ForteBank-те де, «Даму» қорында да елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөл атқаратын тамақ өнеркәсібін қолдаудың басқа да құралдары бар.
Айта кетейік, ЕО макарон өнімдерін өндірушілер ұйымы одағының макарон өнімдерін тұтыну бойынша елдер рейтингіне сай, бірінші орында Италия (2021 жылы жан басына шаққанда 23,5 кило), екінші орында Тунис (жан басына шаққанда 17 кило).
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ҚР-да 2021 жылы макарон өнімдерін (вермишель, спагетти, макарон және рожки) тұтыну жан басына шаққанда 18 килоны құрайды, көрсеткіш Тунистен көп және АҚШ-тан екі есе көп. 2022 жылы тұтыну жан басына шаққанда 17,3 кг өнімге дейін аздап төмендеді, бірақ бұл басқа елдермен салыстырғанда әлі де өте жоғары. Ұлттық тағамның ерекшелігін, лағманның көптігін, бесбармаққа деген құмарлықты ескерсек, бұл таң қаларлық емес.
Айтпақшы, итальяндық және қазақстандық макарон әуесқойларын кейде өнім өндіруге арналған шикізат біріктіреді: мысалы, бұл сектордағы әлемдегі ең ірі өндіруші итальяндық Barilla басқа елдердің ұнымен қатар Қазақстанда өндірілетін қатты бидай ұнын да пайдаланады. Ол ұн Ақмола облысындағы Agrimer-Astyk зауытында шығарылады. Бұл зауыттың ашылуына «Даму» қоры да үлесін қосты, несиені оған да ForteBank берді.
Айта кетерлігі, саладағы кәсіпкерлерді қолдауды күшейту керек. ҚР-дағы өнімдер айтарлықтай қымбаттауда, бұл республиканың азық-түлік қауіпсіздігіне сөзсіз әсер етеді.
Мәселен, наурыз айының қорытындысы бойынша, макарон өнімдері бір жылда бірден 35,1% қымбаттады. Қазақстандықтар сүйіп ішетін кеспе бағасы 36,2%, вермишель 35%, рожки 33,2% қымбаттады.
Осындай жағдайда ШОБ және тамақ өнеркәсібіндегі өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар елдің әл-ауқаты үшін стратегиялық мәнге ие бола түсуде.