2023 жылы қаңтар–тамызда ҚР ЕДБ жиынтық пайдасы 1,42 трлн теңгеге жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бірден 76,8% немесе 617,4 млрд теңгеге артық. Ескерту: биыл сегіз айдағы көрсеткіш толық 2022 жылғы көрсеткішпен (1,47 трлн теңге) шамалас.

Отбасы банкі меншікті капиталының көлемінен ірі он банктердің арасында табыс өсімі бойынша көш бастап тұр: өсім бір жылда бірден 87,9% (немесе 50,3 млрд теңге) артып, 107,5 млрд теңгеге жетті.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде жұмыс істейтін және Қазақстан азаматтарының тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесетін Отбасы банкі даму институты «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы екенін еске сала кеткен жөн. 2022 жылдың соңында Отбасы банкі 96 млрд теңге пайдасының 70%-ын немесе 67,2 млрд теңгесін «Бәйтерек» ұлттық холдингіне дивиденд түрінде төледі — бұл холдингтің барлық еншілес компаниялар арасындағы ең жақсы көрсеткіш және ең қомақты сома. Осылайша, Отбасы банкі табысының өсуі мен оң көрсеткіштері қаржы институтының жоғары тиімділігін көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар Қазақстанның тұрақты дамуына жұмыс істейтін холдингке қаражат аударуға ықпал етеді.

Екінші деңгейлі үздік он банктің ішінде табыстың өсуі бойынша екінші орында Jusan Bank: 44,5% көбейіп, 81,4 млрд теңгеге жетті. Үздік үштікті Еуразиялық Банк жабады: 44,2% көбейіп, 78,6 млрд теңгеге жетті.

Kaspi Bank (38,3%), Halyk Bank (28,5%), Ситибанк (27,1%) және ForteBank (4,2%) та табыстарын өсірді.

Bereke Bank биыл 17,2 млрд теңге пайдамен аяқтаса, былтыр (ол кезде Сбербанк) 228,3 млрд теңге шығынға ұшыраған.

Екінші деңгейлі тағы екі ірі банк — ЦентрКредит банкі және Home Credit Bank пайдасы азайды: тиісінше 29,2% және 41,3%.

Жалпы сектор бойынша 21 ЕДБ-нің 20-сы пайда тапты, бір банк, яғни Заман-Банк ислам банкі 805 млн теңге шығындалды.