2026 жылғы қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі халықтың салымдары 30,7 трлн теңгені құрады, бұл бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. Жалпы банк секторында өсім мардымсыз болды.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің де азаюына әсер етіп, халық салымдарының айлық өсім қарқынын баяулатты. Бұл өсімнің бәсеңдеуіне себеп болған факторлардың бірі. Соған қарамастан, депозит нарығы біршама баяу қарқынмен болса да өсіп келеді.
ҚР ЕДБ арасында 23 банктің тек 9-ында оң динамика тіркелді.
Халық салымдарының айлық өсімі бойынша Kaspi Bank көш бастады: депозиттер көлемі 93,9 млрд теңгеге немесе 1,2%-ға ұлғайды. Қаржы институты банк секторындағы депозиттік портфельдің жалпы айлық өсіміне ең көп үлес қосты.
Екінші орында Freedom Bank тұр, салымдар көлемі 27,2 млрд теңгеге немесе 2,5%-ға өсті.
Үздік үштікті Отбасы банк түйіндеді: салымдары көлемі 26,2 млрд теңгеге немесе 0,8%-ға артты.

Айлық өсім қарқынының баяулағанына қарамастан, жылдық өсім жоғары деңгейде сақталып отыр. Бір жыл ішінде жеке тұлғалардың ҚР ЕДБ-дағы салымдары 16%-ға немесе 4,2 трлн теңгеге өсті.
Бұл өсімге еліміздегі ірі банктер негізгі үлес қосты.
Жылдық өсім бойынша да Kaspi Bank көш бастады: салымдар көлемі 1,4 трлн теңгеге немесе 20,7%-ға өсті. Халық салымдарының портфелі 8 трлн теңгеге жуықтады.
Келесі орында Отбасы банк тұр: бір жыл ішінде банктегі халық салымдары 819,8 млрд теңгеге немесе 30,8%-ға артты.
Үшінші орынды Банк ЦентрКредит иеленді: бір жыл ішінде банктегі халық салымдары 586,5 млрд теңгеге немесе 18,6%-ға көбейді.
Үздік бестікке Halyk Bank (өсім – 542,2 млрд теңге) пен ForteBank (өсім – 343,5 млрд теңге) те енді.
Депозит нарығындағы қазіргі жағдай халық салымдарының ірі банктерде көбірек шоғырланып жатқанын аңғартады. Ал көптеген банктерге клиенттерді тек жоғары пайыздық мөлшерлемелер арқылы ұстап қалу қиындап барады. Ақша-кредит саясаты жұмсарған сайын салымшыларды тарту жолындағы бәсекеде пайыздық мөлшерлемеден бөлек, цифрлық қызметтердің қолайлылығы, депозит талаптарының икемділігі және банкке деген сенім де маңызды бола түседі. Алдағы уақытта депозит нарығындағы өсім қарқыны көбіне базалық мөлшерлеменің өзгеруіне байланысты болып, баяу деңгейде сақталуы мүмкін.
