2022 жылдың соңына қарай дүние жүзінде 1,2 млрд 5G абоненті болды, бұл бір жыл бұрынғыдан 530 млн-ға көп (бір жыл бұрын көрсеткіш 619 млн болды). Жылдық өсім 85,9%. Қазіргі уақытта 5G абоненттері барлық ғаламдық ұялы байланыс жазылымдарының 10,7%-ын құрайды және 2023 жылдың соңына қарай 16% немесе 1,8 млрд жазылушыға дейін өседі деп болжануда.

Сонымен қатар, 2022–2026 жылдар аралығында 5G ұстайтын смартфондардың үлесі жоғары қарқынмен өсіп, 75,4%-ға жетеді.

5G — алдыңғы буын желілеріне қарағанда жылдамырақ жүктеп алу және жүктеп салу, тұрақты қосылу мүмкіндігін және жоғары сыйымдылықты қамтамасыз ететін сымсыз ұялы байланыс технологиясының бесінші буыны. Қазіргі танымал 4G желілеріне қарағанда әлдеқайда жылдам және сенімдірек, 5G қолданбалар, әлеуметтік желілер және ақпарат үшін интернет қолданысына төңкеріс жасай алады.

2023 жылдың наурыз айына дейін 155 елдегі/аумақтағы 523 оператор сынақ жасау, пилоттық жоба, лицензияны сатып алу, жоспарланған және нақты орналастыру арқылы 5G желілеріне инвестиция салды. Оның ішінде 97 елдегі/аумақтағы 249 оператор 5G желілерін коммерцияландыруда. 115 оператор автономды 5G желілеріне (соның ішінде бағалауда, тестілеуде, сынақтан өткізуде, жоспарлауда немесе енгізуде, сондай-ақ автономды 5G желілерін іске қосқандарды есепке алғанда) инвестициялаушы ретінде анықталды.

2021 жылы ұялы байланыс операторлары 5G жиілігі аукциондарында 130 млрд АҚШ долларынан астам ақша төледі. 2023 жылдың соңына қарай тағы 28 ел 5G спектрін таратуды жоспарлап отыр. 5G туралы қосымша ақпаратты инфографикадан қараңыз.

Қазақстанда 5G желісін коммерциялық пайдалануға енгізу бойынша қадамдар жасалды. Еске салайық, 2022 жылдың желтоқсанында ҚР-да 5G жиіліктерін тарату бойынша аукцион өтті. «Кселл» АҚ мен «Tеле 2» және «Алтел» брендтерімен танымал «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС консорциумы жеңімпаз деп танылды. Екі лот бойынша жеңімпаздар 156,1 млрд теңге төледі. ҚР-да 5G енгізу бойынша жұмыс басталып кетті.

Kcell мобильді операторы қолда бар жиілік диапазонының өзімен алғаш болып Алматы мен Шымкентте 5G базалық станциясын іске қосты. Бір аптада осы екі қалада  бесінші буын желісінің 12 базалық станциясы іске қосылды. Оператордың алматыдағы абоненттері 5G артықшылықтарын Жібек Жолы даңғылындағы «Пассаж» сауда орталығы жанында және Панфилов көшесіндегі ЦентрКредит Банкі бөлімшесі жанында байқап көре алады. Шымкентте бір аптада 10 5G станциясы іске қосылды. Сонымен қатар Қазақстанда аукцион өткізгенге дейін бір жылдан бері Түркістанда тұтас қаланы қамтитын, Kcell салған ірі 5G желісі істеп тұрды. Сондықтан операторда осы салада біліктілігі мен тәжірибесі баршылық.

Сондай-ақ Kcell смартфоны мен 5G қосылған SIM картасы бар абоненттер желіге қосылып, оны тегін пайдалануға болатынын, трафик ақысы алынбайтынын хабарлайды. Биыл компания Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 400-ге жуық 5G базалық станцияларын салуды жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75-ы, облыс орталықтарының 60%-ы соңғы буын желісімен қамтылады.

5G қазіргі әлемде революциялық технология болып саналады. 5G желілері көбейген сайын олар біздің қарым-қатынас, оқу, өмір сүру және жұмыс істеу тәсілін өзгертуге әлеуеті бар жүздеген жаңа технологиялар мен бизнес үлгілерін шығарады.

Төменде АХҚО Tech Hub-тың «Beyond the Core. Қазақстандағы және әлемдегі телекоммуникациялық экожүйе» зерттеуі мәліметтері келтірілген

Халықаралық 5G кейс зерттеулері де келесі буын желілерінің барлық салалардағы өмірді жақсы жаққа өзгертетінін растайды.