DataReportal-дың 2025 жылғы сәуірдегі есебіне сәйкес әлемде 7,42 миллиард смартфон қолданылуда, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 3,6%-ға көп. Ал ұялы байланыс абоненттерінің саны 8,74 млрд-ты құрады, бір жылдағы өсім 0,3%-ға тең. Сондай-ақ әлемде 5,64 млрд интернет қолданушысы бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 2,6%-ға көп, ал олардың бүкіл планета халқына шаққандағы үлесі бір жылда 67,5%-дан 68,7%-ға дейін өсті.

Айта кетерлігі, 16 жастан асқан интернет қолданушылардың 98%-ы смартфондарды пайдаланады және олар интернетке сол смартфондары арқылы кіреді. Барлық веб-сёрфингтің (веб-сайттарға кіру) 62,2%-ы смартфондар арқылы жасалады. Салыстыру үшін: жеке компьютерлер мен ноутбуктерге тиесілі үлес тек 35,9%-ды құрайды.

Мұның бәрі смартфондардың адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын аңғартады: оларды тек қоңырау шалу үшін емес, сондай-ақ ақпарат іздеу, видео көру, достармен, отбасымен байланыста болу және т. б. мақсаттарда қолданады.

Қазақстанда 2025 жылдың мамыр айында 26,6 млн ұялы байланыс абоненті болды. Көптеген адамдар бірнеше мобильді желіні пайдаланады (біреуден көп, тіпті, екіден көп SIM-картасы бар), сондықтан аталған сандардың халық санынан едәуір асып түскеніне таңқалмаймыз. Осылайша, ұялы байланыс абоненттерінің 100 адамға шаққандағы тығыздығы 131 бірлікті құрады. Қазіргі уақытта ұялы телефон бұрынғыдай сән немесе мақтаныш емес және жұмыс құралы да емес: экономикалық белсенді ересек тұрғындардан бөлек, мектеп оқушылары да, аға буын да смартфондарды бұрыннан қолданып келеді.

Интернетке қосыла алатын ұялы байланыс абоненттерінің саны 19,2 млн бірлікті құрады, бұл 2024 жылғы мамырмен салыстырғанда, 4,6%-ға көп.

Ұялы байланыс қызметтерін Altel, Tele2, Activ, Kcell және Beeline мобильді операторлары көрсетеді. Оның төртеуі отбасылық тарифтерді ұсынады, ол бойынша бірнеше нөмірді бір топқа (мысалы, отбасы мүшелері) біріктіруге болады. Мұндай топтарда тек бір абонент тариф ақысын төлейді, ал байланысты барлық топ мүшелері пайдалана алады. Бұл ыңғайлы әрі қауіпсіз, өйткені жастар (балалар, немерелер), сондай-ақ аға буын (зейнеткерлер және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар) төлем мәселелеріне араласпайды және тарифтерді бақыламайды, бірақ әрқашан байланыста болады. Есесіне, отбасының әрбір мүшесі тарифті бөлек-бөлек төлемейді, ал бұл отбасылық бюджет үшін әлдеқайда тиімді.

Ұялы байланыс операторлары отбасылық тарифке қосылатын абоненттердің санына қарай негізінен үш тарифтік торды ұсынады.

Максималды тарифтік торда қосылатын нөмірлердің саны 5-тен 11-ге дейін өзгереді. Ең қолжетімді отбасылық тарифті Altel (Жанұя 6 SIM) ұсынады: айына 15990 теңге, 3 айға 50% жеңілдік береді. Тарифке 6 нөмірді қосуға болады, оған лимитсіз интернет және желі ішінде лимитсіз қоңыраулар (Tele2 желісін қосқанда), басқа операторлардың нөмірлеріне 900 мин. және қала нөмірлеріне 70 мин., сондай-ақ 600 SMS кіреді.

Келесі орында — Tele2 (Отбасы + 6 SIM): айына 17490 теңге, сондай-ақ 3 айға 50% жеңілдік бар. Тарифке 7 нөмір, лимитсіз интернет және желі ішінде лимитсіз байланыс (Altel желісін қосқанда), басқа операторлардың нөмірлеріне және қала нөмірлеріне 1000 мин., шетел нөмірлеріне 50 мин. және 700 SMS кіреді.

Айта кетерлігі, барлық ұялы байланыс операторлары лимитсіз интернетті ұсынады, бірақ интернетке қосылудың максималды жылдамдығы төмендейтін лимит бар. Мәселен, 1200 Гб максималды лимит Tele2 мен Activ-те, 1000 Гб Altel-де көрсетілген. Бұл орайда Altel мен Tele2 жылдамдығы 2 Мбит/сек дейін, ал Activ-те 512 Кбит/сек дейін төмендейді.

Барлық ұсыныстар туралы толық ақпарат кестеде берілген.