Орталық Азия елдері туралы бірқатар материалымыздан кейін кейбір БАҚ әртүрлі санаттар бойынша өңірдегі көршілес мемлекеттер мен ҚР жөніндегі салыстырмалы деректерге қызығушылық танытты. Сұранысқа орай, біз Қазақстан мен көршілеріміздің бірі Қырғызстандағы ақылы қызметтер бағасының өсуі сияқты қызықты сегментті салыстыруды ұйғардық. Мұндай салыстырмалы материалдар бұған дейін де жарияланғанын және Орталық Азия өңірінің түрлі елдерін, сондай-ақ алуан түрлі көрсеткіштерді қамти отырып, алдағы уақытта да шығып тұратынын атап өтейік.

Сонымен, ағымдағы жылдың қаңтар–тамыз айларындағы деректерге сай Қырғызстан қызметтердің тұтыну бағасының өсуі бойынша ҚР-дан едәуір озып тұр: бір жылдағы 16,9% өсімге қарсы сәйкесінше 9,7%.

Бір қызығы, ТМД Статкомитетінің салыстырмалы мәліметтері бойынша бұған дейін керісінше жағдай болған. Мәселен, толық 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қызметтердің қымбаттауы 14,4%-ды құраса, ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш бар-жоғы 7,5%-ды құраған болатын.

Ағымдағы жылдың көрсеткіштеріне қайта оралайық. Қырғызстанда қызмет көрсету бағасының шарықтауының негізгі факторы — тұрғын үй және коммуналдық қызметтердің күрт қымбаттауы. Қырғызстан Республикасының Ұлттық статистика комитетінің деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында осы санаттағы қызметтер 12%-ға қымбаттаған. Оның ішінде тұрғын үйді ағымдағы күтіп ұстау және жөндеу қызметтері 38,1%-ға, жылу энергиясы 17,5%-ға, сумен жабдықтау 17,3%-ға, электр энергиясы 11,4%-ға өсті.

Қазақстанда осы кезең ішінде тұрғын үйді күтіп ұстау және қызмет көрсету бар-жоғы 6,2%-ға қымбаттаған. Коммуналдық қызметтердің барлық түрінің ішінен тек тарату желілері арқылы тасымалданатын газ бағасы ғана едәуір өсті: 16,3%. Коммуналдық қызметтердің қалған түрлері қалыпты өсім көрсетті: жылу 0,1%-ға, ыстық су 1,8%-ға, қоқыс шығару қызметі 3,1%-ға, электр энергиясы 7%-ға артты.

Кейбір ақылы қызметтердің басқа түрлері бойынша да тұтыну бағасының индексіндегі үлкен айырмашылықты атап өтуге болады. Мәселен, Қырғызстан Республикасында білім беру құны ағымдағы жылдың сегіз айында 2025 жылғы қаңтар–тамыз айларымен салыстырғанда 22%-ға қымбаттады. Бұл ретте ҚР-да аталған сектордағы баға бар-жоғы 8,9%-ға өсті. HoReCa сегментінде де үлкен алшақтық байқалды: Қырғызстанда мейрамханалар мен қонақүй қызметі 22,2%-ға, Қазақстанда 12,1%-ға қымбаттады.

Қалған қызмет түрлеріне баға қос елде де қалыпты қарқынмен өсті, кейбір санаттарда Қазақстан «алда» болды. Мәселен, ҚР-да амбулаториялық қызметтер осы кезеңде 13,1%-ға қымбаттаса, Қырғызстанда 10,6%-ға өсті. Байланыс қызметтері (мобильді байланыс үшін абоненттік төлем) Қазақстанда 9,7%-ға өсті, ал Қырғызстанда бұл санатта баға тұрақтылығы байқалды.

Дегенмен, кейде белгілі бір қызметтердің қымбаттауы немесе бағасы ғана емес, халықтың табысы мен сатып алу қабілетіне сай ол қызметтердің қаншалықты қолжетімді екені әлдеқайда маңызды.

Numbeo порталының тәуелсіз сарапшылары Қазақстан мен Қырғызстан үшін халық табысының негізгі үлесін құрайтын «таза» жалақының сатып алу қабілетін қалай бағалайтынына назар аударайық.

Ең алдымен, Numbeo аналитиктері бұл индикаторды Нью-Йорк тұрғындарының табысының сатып алу қабілетімен салыстыра отырып есептейтінін атап өткен жөн. Яғни осы американдық қала тұрғынының тауарлар мен қызметтер кешенін сатып алу қабілеті 100% деп қабылданады.

Numbeo-ның соңғы есептеулеріне сәйкес қазақстандықтар өздерінің (барлық салық шегерілгеннен кейін қалған) нетто-жалақысына Нью-Йорк тұрғындарының қалтасы көтеретін тауарлар мен қызметтер көлемінің 52,1%-ын сатып алуға қауқарлы. Қырғызстандықтар үшін бұл индикатор едәуір төмен: 41,6%. Жалпы, соңғы бірнеше жылда ҚР-дағы халық табысының сатып алу қабілетінің индексі Қырғызстанмен салыстырғанда тұрақты түрде айтарлықтай жоғары болды.

Айта кетейік, бұл Қазақстандағы тауарлар мен қызметтер арзанырақ дегенді білдірмейді —елдегі жалақы Қырғызстанға қарағанда айтарлықтай жоғары деген сөз. Мәселен, Еуразиялық экономикалық комиссияның деректері бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР-дағы орташа айлық жалақы 988 АҚШ долларын құраса, Қырғызстанда бар-жоғы 615 АҚШ долларын құрады.