Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының нормаларына сәйкес табиғи монополия субъектісі (ТМС) сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызметтің құнын тікелей тұтынушыларға қайта есептеуге міндетті, ал тұтынушының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда, жылу ақысын жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызмет ақысын төлеген кезде тарифті төмендету жолымен қайта есептейді.

Осылайша, жылумен жабдықтау саласында қызмет көрсететін ТМС есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға 2023/2024 жылдарда жылу энергиясы үшін төленген төлемақыны қосымша құн салығын ескере отырып, жалпы сомасы 768,2 млн теңге мөлшерінде қайтарды.

Ең көп қайтарылған сома (бірден 354,5 млн теңге) ШҚО-да тіркелді. Содан соң Алматы (95,4 млн теңге) және Маңғыстау облысы (60,9 млн теңге) тұр. Қызылорда (38,6 млн теңге), Ақтөбе (37,7 млн теңге), Ақмола (33,5 млн теңге) және Қостанай (32 млн теңге) облыстарында да қомақты қаражат қайтарылды.

Ал Ұлытау және Қарағанды облыстарының тұтынушылары үшін өзге тәсіл қолданылады, себебі жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызмет құны сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп есептеледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ҚР ҰЭМ ТМРК) және оның аумақтық бөлімшелері бүкіл Қазақстан бойынша жылу энергиясын есептеу құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеді.

Артық төлем деңгейі ай сайын түбіртек бойынша жүргізілетін төлемді ескергенде, жинақтаушы қасиетке ие және де қаражат Қазгидромет деректерінің негізінде жасалған қайта есептеудің нәтижесінде ғана жаңа жылыту кезеңінде (2024/2025 жылдар) немесе ағымдағы күнтізбелік жылда (2024 жылдың соңына дейін) аванс (сальдо — артық төлемді шегергенде) түрінде тұтынушылардың дербес шоттарына қайтарылады.

Айта кетерлігі, жылу энергиясын есепке алу құралдарын орнату нақты тұтынылған жылу энергиясының көлемін ғана төлеуге мүмкіндік береді, солайша, жылыту маусымында артық төлемге жол бермейсіз.

Бүгінде елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді есептеу құралдарымен жабдықтау деңгейі шамамен 75%-ды құрайды.

Қажет болған жағдайда, қазақстандықтар — ТМС қызметтерін пайдаланушылар барлық мәселелер жөнінде, ақпарат алу мақсатында, сондай-ақ өз құқықтарын қорғау үшін ҚР ҰЭМ ТМРК-ға және оның өңірдегі бөлімшелеріне жүгіне алады.