Соңғы жылдары ҚР банк секторы айтарлықтай өсім көрсетіп, қарқынды дамып келе жатыр. 2020 жылдан басталған дағдарыс кезеңдерінде де ҚР ЕДБ тұрақтылығын жоғалтпады, мұны Moody’s Investors Service (Moody’s), S&P Global Ratings (S&P) және Fitch Ratings (Fitch) сияқты халықаралық рейтингтік агенттіктер бірнеше рет растаған да болатын. Тұрақты қаржы жүйесі республиканың өркендеуінің, әл-ауқатының кепілі болып табылады.

Биыл да халықаралық рейтингтік агенттіктер ҚР ЕДБ-ға рейтингтік бағалау жүргізді. Жаңа рейтингтер еліміздегі барлық ірі банктерді қамтыды. Мәселен, ағымдағы жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы өзге екінші деңгейлі банктерден бөлек, Moody's агенттігі еліміздегі бес ірі банктің рейтингтерін көтеріп, үш ЕДБ-ның ағымдағы рейтингтерін растады. Ал S&P елдегі ең үздік банктердің бірінің рейтингісін көтеріп, үш қаржы институтының рейтингтерін растады. Fitch елдегі төрт ірі банктің рейтингтерін растап, бір ЕДБ-ға жаңа рейтинг тағайындады.

Ескере кетерлігі, әрбір рейтингтік агенттік тек белгілі бір банктерді, дәлірек айтқанда, өзімен екіжақты келісімшартқа отырған банктерді бағалайды.

Халықаралық рейтингтік агенттіктер тағайындайтын рейтингтер — банктердің тұрақтылығы мен сенімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі.

Қазақстандағы ірі ЕДБ арасында ең жоғары рейтингтер Отбасы банкіне берілген. Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде Moody's агенттігі қаржы институтының рейтингін Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерді, рейтингтер бойынша болжам — «Тұрақты». Аталған рейтинг егеменді Қазақстанның рейтингісіне сәйкес келеді. Рейтингтік агенттік атап өткендей, дәл осындай тұрақты операциялық орта Отбасы банкіне негізгі кредиттік көрсеткіштерін жоғары деңгейде ұстап тұруға және олардың ықтимал құбылмалылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қаржы институтының кредиттік портфелінің жоғары сапасын және капиталы мен өтімділігінің айтарлықтай көлемін айқындап өтті.

Бір ай бұрын Fitch агенттігі Отбасы банкінің рейтингісін «Тұрақты» болжаммен BBB деңгейінде растаған болатын. Бұл рейтинг те егеменді Қазақстанның рейтингісіне сәйкес келеді.

Halyk Bank пен Kaspi Bank-ке де жоғары рейтингтер тағайындалды. 12 қыркүйекте Moody's бұл екі қаржы институтының рейтингтерін көтерді. Halyk Bank «Тұрақты» болжаммен Baa1, ал Kaspi Bank «Тұрақты» болжаммен Baa3 рейтингісіне ие болды.

Halyk Bank S&P агенттігінен «Оң» болжаммен BB+ рейтингісін, ал Fitch-тен «Тұрақты» болжаммен ВВВ− рейтингісін алды. Kaspi Bank S&P тағайындаған «Тұрақты» болжаммен BB+ рейтингісіне ие болды, ал 19 қыркүйекте қаржы институты Fitch Ratings берген бірінші рейтингті алды: BBB−, болжамы — «Тұрақты».

Қалған үздік банктердің рейтингтерін жоғарыда берілген инфографикадан көруге болады.