2025 жылдың қараша айының басында Қазақстанның банк саласында 23 екінші деңгейдегі банк бар болса, оның 15-сі — шетелдік қатысуы бар ұйымдар (10 еншілес банкті қоса алғанда). Қазіргі таңда еліміздің банк саласы елеулі өзгерістерден өтіп, тұрақты әрі сенімді құрылым ретінде қалыптасып келеді.

Соңғы деректерге сүйенсек, ҚР ЕДБ барлық негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетуде. Мәселен, жыл басынан бері банктердің активтері 10,1%-ға артып, 67,8 трлн теңгеге дейін жетті, несиелік портфелі 17,4%-ға өсіп, 42,1 трлн теңгеге дейін жетті, ал депозиттер көлемі 9%-ға ұлғайып, 46,3 трлн теңгеге дейін көбейді. Жалпы алғанда, банктердің меншікті капиталы мен өтімді активтері жеткілікті деңгейде, бұл ықтимал тәуекелдерді жабуға мүмкіндік береді.

Банк саласына халықаралық рейтингтік агенттіктер де оң баға беруде. Мысалы, 2025 жылдың тамызында S&P Global Ratings былай деп атап өтті: «Біз Қазақстанның банк саласын геосаяси және макроэкономикалық қиындықтарға төзімді деп есептейміз. Банктер жеткілікті капитал жинақтап, өтімділігін қамтамасыз ете алды, ал негізгі клиенттердің депозиттері олардың қаржыландыру көздерінің үлкен бөлігін құрайды. Біз реттеушінің тарапынан қадағалау және бақылау жүйесінің нығайтылғанын ерекше атап өтеміз, бұл болашақта банктердің банкрот болу жағдайлары мен активтердің сапасына қатысты проблемаларды жүйе көлемінде азайтуға ықпал етеді».

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі көптеген банктердің рейтингілері жаңартылды — негізінен расталды немесе көтерілді. Яғни, тек оң динамика байқалады.

Ең соңғы рейтингтік баға Отбасы банкіне 2025 жылғы 18 қарашада Moody’s агенттігінен берілді. Moody’s Investors Service агенттігі банктің рейтингісін «Тұрақты» болжаммен Baa1 деңгейінде растады. Айта кетерлігі, бұл — ҚР ЕДБ арасындағы ең жоғары рейтингтердің бірі, аталған баға елдің егеменді рейтингісімен тең.

Сонымен қатар Отбасы банкінің рейтингісі бағалау әдістемесі өзгертілгеннен кейін Орталық және Шығыс Еуропаның жеті басқа банкімен қатар жаңартылды. Рейтинг жаңа бағалау тәсілдері негізінде жаңартылды, бұл рейтингтің маңызын арттырады.

«„Отбасы Банк“ АҚ-ның барлық рейтингтері мен бағаларының расталуы „Капитал“ субфакторының қайта бағаланғанын, өзгергенін көрсетеді, бұл банктің салыстырмалы рейтингісін басқа банктермен дәлірек салыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ банктің депозиттік базасының тұрақтылығын, сондай-ақ бірқатар өнімге шоғырланған бизнес құрылымын, оның монопрофильді сипаты мен мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істейтінін айқындайды», — деді Moody’s аналитиктері.

Биыл жоғарыда аталған кезеңге дейін Moody’s Investors Service басқа банктердің рейтингілерін де жаңартты:
• ForteBank — рейтинг Ba2 деңгейінде расталды, болжамы — «Оң»;
• Еуразиялық банк — рейтинг Ba2 деңгейінде расталды, болжамы — «Теріс»;
• Банк ЦентрКредит — рейтинг Baa3 деңгейіне дейін көтерілді, болжамы — «Тұрақты».

Бұл орайда басқа бір рейтингтік агенттік — Fitch Ratings еліміздегі барлық рейтинг берілетін банктердің рейтингісін жаңартты. Барлық банктердің рейтингісі расталды. Ең жоғары баға мына банктерге берілді:
• Отбасы банк — BBB, болжамы — «Тұрақты»;
• Altyn Bank — BBB, болжамы — «Тұрақты»;
• Kaspi Bank — BBB−, болжамы — «Тұрақты»;
• Halyk Bank — BBB−, болжамы — «Тұрақты».

Ал S&P Global Ratings Қазақстандағы тек төрт ЕДБ-ға рейтинг тағайындайды, биыл олардың үшеуінің рейтингісі жаңартылды. Мынадай баға берілді:
• Halyk Bank — BBB−, болжамы — «Тұрақты»;
• Банк ЦентрКредит — BB, болжамы — «Оң»;
• Freedom Bank — B+, болжамы — «Оң»;
• Нұрбанк — B, болжамы — «Тұрақты».

Халықаралық рейтингтердің жаңартылуы, негізгі қаржылық көрсеткіштердің өсуі және реттеушінің тарапынан бақылаудың күшейтілуі Қазақстанның банк саласы үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Банктердің қаржылық өтімділігінің тұрақтылығы, жеткілікті капиталы және клиенттердің артқан сенімі банктерге сыртқы және ішкі қиындықтар туындаған кезде сенімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Макроэкономика тұрақтанып, реттеуші жүргізіп отырған реформалар жүйелі түрде жүзеге асқан сайын, банк саласы ары қарай да дамып, еліміздегі ең сенімді салалардың бірі болып қалыптасады.