2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан ЕАЭО елдерінде экономиканың бірнеше секторында ең жоғары жалақыны көрсетті. Қазақстандық мұнайшылар мен кеншілер, құрылысшылар мен логистиктер, әкімшілік басқару саласындағы сарапшылар және HoReCa мамандары Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдеріндегі әріптестеріне қарағанда көбірек жалақы алады. Қазақстан экономиканың бұл салаларындағы жалақы бойынша «әдейі» көш бастаған жоқ, жай ғана былтырғы көшбасшы Ресейді қуып жетіп, озып кетті. Ол елде биыл жағдай қиындап, жалақының өсу қарқыны төмендеген.

Экономикалық қызметтің барлық басқа түрлері бойынша солтүстік көрші Қазақстаннан табыс жағынан алда келеді. Жалпы экономикада орташа атаулы жалақы бойынша Ресей көшбасшы болып қала береді: бірінші жартыжылдықтағы ресейлік көрсеткіш 915 АҚШ доллар болды. Бұл деректер Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баяндамаларында келтірілген. Қазақстан былтырғыдай екінші орында. Қаңтар–маусым айларында еліміздің азаматтары орта есеппен 780 АҚШ долларын алды. Қырғызстан көп позицияларда аутсайдер. Бұл елдегі атаулы жалақы Қазақстаннан 2,1 есе, Ресейден 2,5 есе төмен.

Мұнай саласы бірнеше жылдан бері ҚР-дағы экономикалық қызметтің басқа түрлерінің ішінде кірісі бойынша жетекші орынды иеленіп келеді. Биыл бірінші тоқсанда сала қызметкерлерінің атаулы жалақысы 1,6 мың АҚШ долларын (738,7 мың теңге) құрады. Бірінші жартыжылдықта жалақы бойынша екінші орында қаржы және сақтандыру қызметі: 1,4 мың АҚШ доллары (652,3 мың теңге). IT мен байланыс мамандарының жалақысы 1,2 мың АҚШ доллары (544,4 мың теңге).

ЕАЭО-да соңғы бірнеше жылдағы атаулы жалақы бойынша салыстырмалы деректерге қарасақ, 2020 жылдан бастап Қазақстан екінші орынды берік ұстанғанын айта аламыз. Одақтағы барлық елдердің ішінде Беларусь бізге ең жақын: бұл ел тұрғындарының жалақысының біздікімен айырмашылық шамалы. 2017 жылдан бастап әр жылдары қазақстандықтар мен ресейліктердің жалақысындағы айырмашылықтар айтарлықтай болды: Ресей тұрғындары 32%–52%-ға артық табыс тапты. Биыл қаңтар–маусым айларында ҚР мен РФ тұрғындары арасындағы атаулы жалақының алшақтығы алғаш рет 17,3%-ға дейін қысқарды.

ЕАЭО елдерінде бес жыл ішінде табыс деңгейі қалай өзгергенін салыстырған қызық. Мәселен, Қазақстанда атаулы ақшалай табыс былтыр 2017 жылмен салыстырғанда 45,4%, Ресейде 44,4%, Арменияда 57,3% өскен. Қырғызстан тағы да тізімнің соңында: осы жылдары ондағы жалақы 38,6% ғана өсті.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы еңбек нарығының мұндай әр түрлі көрсеткіштері көптеген ішкі және сыртқы экономикалық факторларға байланысты. Мысалы, атаулы (29,1% өскен) және нақты (14,6% өскен) жалақының өсу динамикасы бойынша ЕАЭО-да Қырғызстан көш бастап тұр. Бұл Орталық Азия мемлекеті 2022 жылы да осындай жақсы көрсеткіштерге ие болды. Дегенмен, бұл одақтағы көршілерін қуып жетуге әлі жеткіліксіз.

ЕАЭО-ның басқа елдерінің жұмыс істейтін азаматтары аз да болса табыстарының артып келе жатқанын сезінеді. Биыл қаңтар–маусымда Ресейде нақты жалақы 6,8%, Беларусьте — 7,4%, Арменияда — 14,7% өсті.

Қазақстан атаулы жалақының жақсы өсімімен мақтана алады — 18%, бірақ инфляция бұны толығымен жеп жатыр. ҚР-да бірінші жартыжылдықта нақты жалақы 0,2% ғана өсті. Демек, қазақстандықтардың табысы қағаз жүзінде өсіп келеді, бірақ іс жүзінде олай емес.

Жағдай осылай болып отыр, себебі Қазақстан ЕАЭО елдерінде ең жоғары инфляцияға ие. Биыл бірінші жартыжылдықта инфляция 17,8% болды, ал Ресейде бұл көрсеткіш 5,6%, Қырғызстанда — 12,7%, Беларусьте — 6,7%, Арменияда — 4,2% болды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары одақтың әр елінде бір жалақыға қанша келі азық-түлік сатып алуға болатынын салыстырды. Азық-түлік тауарларының көпшілігі бойынша жалақының ең жоғары сатып алу қабілеті Ресейде байқалады. Сатып алу қабілеті ең төмен ел Қырғызстан, бұл жалпы табыс деңгейінің төмендігімен ғана емес, сонымен қатар азық-түлік импортына жоғары тәуелділікпен де байланысты.

Қазақстанда көп өңірлерде жалақының сатып алу қабілеті орташа, тек кей өңірлерде ғана жоғарылаған. Еліміздегі диқандар мен малшылар тұрғындардың көкөніске, сүтке, балыққа, майға деген сұранысын өз бетінше қамтамасыз етіп отырғаны маңызды рөл атқарады.