Қазақстандағы банк секторы соңғы жылдары тұрақты түрде қарқынды дамып келеді. Әсіресе, халықтың жинақтары айтарлықтай өсті, қаражат тек ағымдағы шоттарда ғана емес, ұзақмерзімді депозиттерде де көбейіп жатыр. Қазіргі таңда жинақтар тек қаражат үнемдеудің құралы ғана емес, тұрғын үйге қол жеткізудің сенімді жолына айналып отыр, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі (ТҚЖ) азаматтарға өз үйін сатып алу үшін капитал қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанның қаржы секторы 23 екінші деңгейдегі банктен (ЕДБ) тұрады, олардың 15-сі шетелдік қатысумен жұмыс істейді. Десе де, олардың барлығы жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатыспайды. Мысалы, екі ислам банкі өз қаржыландыру қағидаттарына сүйенсе, кейбір шетелдік банктер тек экономиканың белгілі салаларындағы корпоративтік клиенттерге және ірі компанияларға қызмет көрсетеді.
Ең ірі отандық банктер болса, халыққа барлық негізгі қызмет түрлерін ұсынады — классикалық депозиттер, әлеуметтік және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, сондай-ақ басқа да инвестициялық өнімдер.
Енді ұзақмерзімді депозиттерге тоқталайық. Биылғы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ҚР ЕДБ-дағы мұндай салымдардың көлемі 8 трлн теңгеге жетті, бұл 2024 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 8,9%-ға көп. Соңғы бес жыл ішінде ұзақмерзімді депозиттердің көлемі шамамен 3 есе өскен.
Мұндай динамиканың бірнеше себебі бар: біріншіден, банк секторындағы тұрақтылықтың артуы; екіншіден, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің дамуы (ол салымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді); үшіншіден, салымдардың мөлшерлемелерінің өсуі; төртіншіден, ең маңызды бағыттардың бірі — ұзақмерзімді салымдардың өсімін тудыратын ТҚЖ жүйесінің дамуы.

Ұзақмерзімді теңгедегі салымдардың өсімі бойынша тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін жүзеге асырып отырған Отбасы банк көш бастап тұр. Бір жыл ішінде қаржы институтындағы мұндай салымдардың көлемі 267,6 млрд теңгеге көбейіп, 2,5 трлн теңгеге дейін жетті. Бұрын да жазғанымыздай, жоғары динамика халықтың ТҚЖ жүйесіне қызығушылығымен түсіндіріледі. Айта кетерлігі, биылғы жылдан бастап банктің қолдауымен баспаналы болған қазақстандық отбасылар саны 56 мыңға жетті. Олар жалпы сомасы 1,159 трлн теңге қарыз алды. Бүгінде 3 158 752 қазақстандық өз үйіне қол жеткізу үшін Отбасы банкінде қаражат жинауда. Күн сайын шамамен 2 500 жаңа депозит ашылып, 200-дей қарыз беріледі.
Ұзақмерзімді салымдардың өсімі бойынша екінші орынға Bereke Bank орналасты: салым көлемі 136,9 млрд теңгеге артып, 315,4 млрд теңгеге дейін жетті. Мұндай динамика жоғары пайыздық мөлшерлемелермен ұсынылған тиімді депозиттік өнімдердің іске қосылуымен байланысты.
Үздік үштікті Банк ЦентрКредит түйіндейді: салымдар 102 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгеге дейін жетті. Алғашқы бестікке Freedom Bank пен Bank RBK енді.
Депозит нарығындағы оң көрсеткіштер халықтың банк жүйесіне деген сенімінің артқанын, қаржы секторының тұрақтылығын айғақтайды. Ұзақмерзімді жинақтарға сұраныстың артуы қазақстандықтардың қаржылық әдеттерін өзгертті, халық қысқа мерзімді тұтынудан ірі мақсаттарға, ең алдымен, баспана алу үшін капитал жинауға көшті. Нәтижесінде, жинақтау жауапкершілігі қалыптасып, банк секторының тұрақтылығы нығайып келеді.
