Біз ҚР мен әлемдегі интернет бағасы туралы мезгіл-мезгіл жазып жүрміз. Бүгін MoneySuperMarket-тің жаңа зерттеуін қарастырамыз. Басылымның деректеріне сай Қазақстан мобильді интернеті ең арзан 10 елдің қатарына еніп, 10-шы орынға жайғасты. ҚР-да бір гигабайт мобильді интернеттің орташа құны 0,59 АҚШ долларын құрады.
Әртүрлі халықаралық талдау агенттіктерінің мәліметтерінше, көптеген жылдар бойы ҚР арзан мобильді интернет бойынша көшбасшы орындарда тұрғанын атап өтейік.
Қарастырылып отырған рейтингте Қазақстан, басқаларынан бөлек, Беларусь (13-ші орын), Түркия (17-ші орын), Өзбекстан (20-шы орын), Қытай (23-ші орын), Армения (29-шы орын), Әзірбайжан (75-ші орын) және басқа да елдерді артта қалдырды.
Сонымен қатар Қазақстаннан басқа интернет құны ең арзан 10 елдің қатарына Израиль, Қырғызстан, Италия, Бангладеш, Пәкістан, Шри-Ланка, Үндістан, Индонезия және Франция кірді.
Өз кезегінде мобильді интернеті ең қымбат елдер ондығына: Швейцария, Замбия, Жаңа Зеландия, Андорра, Сейшел аралдары, Канада, Оңтүстік Корея, БАӘ, Багам аралдары және Норвегия кіреді.
Бұл жерде тағы бір жайтты атап өткен жөн. Егер бір гигабайттың құны бойынша есептейтін болсақ, мысалы, Қазақстан тұрғындары үшін 20 ГБ мобильді интернет 11,8 АҚШ долларын (немесе шамамен 5800 теңгені) құрайды. Алайда іс жүзінде ҚР-да интернет пен қоңыраулар ескерілгенде, неғұрлым арзан тарифтік ұсыныстар мен қызметтер пакетін табуға болады. Сонымен бірге арнайы мүмкіндіктер де бар. Мәселен, Tele2 ұялы байланыс операторында пакеттік тариф аясында ресурстарды айырбастау қарастырылған, яғни қоңырау минуттары мен SMS санын интернет гигабайттарына айырбастауға болады, бұл интернеттің құнын дәл осыған басымдық беретін адамдар үшін одан да төмендетеді. Бұдан басқа, тариф сатып алған кезде түрлі акция кезіндегідей гигабайттар бонус ретінде жиі беріледі.
Ал АҚШ-та тұрғындар үшін дәл осы 20 ГБ мобильді интернет 105,4 АҚШ долларын, Норвегияда — 106,6 АҚШ долларын, БАӘ-де — 115,2 АҚШ долларын, Оңтүстік Кореяда — 119,6 АҚШ долларын, Жаңа Зеландияда — 133,6 АҚШ долларын, Швейцарияда — 142,4 АҚШ долларын құрайды.
Қазақстан цифрлық инфрақұрылымға салынатын мемлекеттік инвестициялардың және байланыс операторларының шалғай және ауылдық өңірлерді қоса алғанда, желіні кеңейту бойынша күш-жігерінің үйлесімі арқасында әлемдегі ең төмен бағалардың бірін көрсетіп отыр. Нәтижесінде интернет тек қалаларда ғана емес, еліміздің аз қоныстанған аудандарында да қолжетімді болды.
Айта кету керек, жыл сайын мобильді байланыс операторлары саланы дамытуға теңдессіз инвестиция салуда, алайда, бұған қарамастан, мобильді байланыс пен интернеттің бағасы әлемдегі ең төмен бағалардың бірі болып қалып отыр және халықтың қалтасын қақпайды.
Цифрмен түсіндіріп айтайық. 2024 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ғана байланыс секторындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар бір жылда 74,4%-ға — 215,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша сектордағы капитал салымы 2,5 еседен астамға өсті. Бұдан бөлек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеген деректер бойынша базалық станциялар құрылысына салынған инвестиция көлемі шамамен 500 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражат байланыс сапасын жақсартуға және елдегі, соның ішінде шалғай өңірлердегі интернетке қолжетімділікті кеңейтуге жіберілді.
Сондай-ақ 5G дамуына бөлінген инвестицияларды да атап өткен жөн. Тек 5G радиожиілік жолақтарын беру жөніндегі аукционда 2022 жылдың соңында «Tele2» және «Altel» брендтерімен танымал «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС және «Кселл» АҚ атындағы консорциум екі лот үшін 156 млрд теңгеден астам қаражат төледі. Сонымен қатар, компанияларда тікелей 5G желісін таратуға 2027 жылға дейін 450 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл теңдессіз инвестиция көлемі. Айта кететіні: дәл осы 5G жобасын жүзеге асыру Қазақстанға мобильді интернеттің жылдамдығын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Осылайша, сектордағы инвестициялар орасан зор қарқынмен өсуде және өте ауқымды көлемге жетеді, алайда азаматтардың сатып алу қабілетіне әсер етпейді. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай байланысқа жұмсалатын шығыстар халық шығыстарының жалпы сомасының небәрі 3,3%-ын құрайды. Оның үстіне, жыл өткен сайын бұл көрсеткіш өзгермей, шамамен бір деңгейде қалады. Бұл ретте ұзақ мерзімді тарихты ескерсек, байланысқа жұмсалатын шығыстардың үлесі азайған деуге болады. Бұл деректерді төмендегі кестеден толығырақ қарауға болады.
Сонымен, байланыс операторларының инвестициялар мен саланы дамытуға жұмсалатын шығындарының өсуіне қарамастан, мобильді интернеттің және тұтастай алғанда байланыстың бағалары жоғары емес және салымдарға шамалас өсіп жатқан жоқ. Нарықтық экономика тұрғысынан мұндай жағдай дұрыс емес деп саналады. Сонымен бірге байланыс пен интернеттің маңыздылығы басқа да коммуналдық ресурстардан кем түспейтінін ескерсек, бұл сегментте коммуналдық қызметтер саласында енгізілген «инвестиция орнына тариф» жүйесіне ұқсас тетікті қолдану әділ болар еді, себебі сала күрделі салымдар мен қуаттылықтың өсуін қажет етеді.
Сондай-ақ Қазақстанның географиялық болмысын да ескеру қажет. Елдің ауқымды ауданы, халық тығыздығының төмендігі, сондай-ақ ауыл тұрғындарының үлкен үлесі интернетпен қамту міндетін айтарлықтай қиындатады. ҚР-ның барлық тұрғынын байланыспен қамтамасыз ету үшін Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азияның кішігірім елдеріне қарағанда анағұрлым көп базалық станция қажет.
Күрделі рельеф, елді мекендердің қашықтығы және тиісті инфрақұрылымның (электр беру желілерінің, телекоммуникациялық трансмиссияның, жолдардың) болмауы да операторлардың шығыстарын ұлғайтады. Жабдықтың, антенна-діңгек құрылысының және биіктікте монтаждау жұмыстарының құнын, сондай-ақ басқа да факторларды қосқанда, бір базалық станцияны орнату құны 110 млн теңгеге жетуі мүмкін. Дәл осы себептерге байланысты сектордағы инвестициялар соншалықты көлемді және соншалықты тез өсуде.