Биыл қаңтар–тамызда ҚР қорғаныс саласына мемлекеттік бюджет шығыны 715,7 млрд теңгеге жетіп, орындалу деңгейі саланың 2023 жылға арналған нақтыланған бюджетінің 57,6%-ын құрады. 2022 жылдың қаңтар–тамызымен салыстырғанда қорғанысқа бюджет шығыны 6,8% көбейді.
Жалпы, 2023 жылға арналған әскери бюджет 1,2 трлн теңгеден асады, бұл 2022 жылғы қорғаныс шығындарынан 11,6% артық.

Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) мәліметінше, 2022 жылы ҚР әскери бюджетінің шығыны жалпы ішкі өнімнің 0,5%-ын ғана құрады, бұл Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Мысалы, Қырғызстанда қорғаныс шығыны ІЖӨ-нің 1,5%-ы, ал Тәжікстанда 1%-ы. Өзбекстан мен Түркіменстанға қатысты дерек жоқ.
Әскерге шығыны ең көп үш елдің үлесі әлемдегі барлық әскери шығындардың 56%-ын құрады. Әлемдегі ең үлкен АҚШ-тың әскери бюджеті жалпы ішкі өнімнің 3,5%-на жетеді. Қытайда бұл көрсеткіш небәрі 1,6%, ал Ресейде 4,1% болды.
Айта кетейік, 2022 жылы Израильде әскери жүктеме (ІЖӨ-дегі қорғаныс шығынының үлесі) 4,5%-ды құраса, Украинада 2021 жылғы 3,2%-дан 2022 жылы 33,5%-ға дейін көтерілді.

Инвестицияларға келетін болсақ, Қазақстанда 2023 жылдың қаңтар–қыркүйегінде мемлекеттік басқару және қорғаныс, сондай-ақ міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы күрделі салымдар 98,8 млрд теңгеге жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бірден 21,9% артық. Нақты есептегенде өсім 15%.
