Ұжымдық сақтандыру жүйесіне кіретін қазақстандық банктердегі халықтың шетел валютасындағы депозиттері биыл 1 маусымда 5,5 трлн теңге болды. Бұл бір ай бұрынғыдан бірден 89,5 млрд теңгеге аз. Ай сайынғы динамика бойынша тек алты банкте ғана өсім бар, соның үшеуінің ғана өсімі айтарлықтай.

Ай сайынғы өсім бойынша абсолютті көшбасшы ForteBank: 19,6 млрд теңгеге көбейіп, 365,7 млрд теңгеге жетті. Айтпақшы, биыл мамырда ForteBank АҚШ-тың ең ірі банкі JP Morgan Bank-тің халықаралық Swift жүйесінде доллар аударымдарының жоғары сапасы үшін берілетін Elite Quality Recognition Award сыйлығын үшінші рет алды. 2022 жылы АҚШ долларындағы клиент аударымдарының 99,82%-ын банк халықаралық төлем стандарттарына сәйкес жүзеге асырды және оны сәйкесінше JP Morgan Bank автоматты түрде өңдеді.

Айта кетейік, ForteBank ұлттық валютадағы депозиттер сегментіне де 8 млрд теңге қосып, 414,4 млрд теңгеге дейін жеткізді. Нәтижесінде жеке тұлғалардың банктегі депозиттері 780,1 млрд теңге (бір айда 27,7 млрд теңгеге көбейген), ал жалпы депозиттік портфель 40,6 млрд теңгеге ұлғайып, шамамен 2 трлн теңге болды.

Шетел валютасындағы депозиттердің ай сайынғы өсімі бойынша екінші орында Фридом Финанс банкі: 17,9 млрд теңгеге көбейіп, 358 млрд теңгеге жетті. Үздік үштікті Jusan Bank тұйықтады: 7,1 млрд теңгеге көбейіп, 216,9 млрд теңге болды.

Үздік үштіктен бөлек, жақында валюталық операцияларды қайта бастаған ірі банктердің арасында Bereke Bank те өсім көрсетті: бір айда 580 млн теңгеге үлғайып, 23 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, шетел валютасындағы депозиттер көлемі Қытай СӨБ-де — 309 млн теңгеге өсіп, 7,2 млрд теңгеге дейін, Қазақстандағы Қытай банкінде 38 млн теңгеге ұлғайып, 916 млн теңгеге жетті.

Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне барлығы 21 ҚР ЕДБ-нің 19-ы қатысады. Олардың үлесіне жеке тұлғалардың барлық депозиттерінің 99,9%-ы немесе 17,4 трлн теңге келеді, оның 31,4%-ы шетел валютасындағы депозиттер. Жүйеге қатысушы екі банктің (Отбасы банкі және Ситибанк Қазақстан) депозиттік портфелінде жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиті жоқ.

Анықтама үшін: бір жыл бұрын ұжымдық сақтандыру жүйесіне кіретін банктердегі жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері 4,1 трлн теңгені немесе жеке тұлғалардың осы банктердегі депозиттерінің жалпы көлемінің 32,9%-ын құрады.

Еске сала кетейік: ҚР-да жеке тұлғалардың (соның ішінде жеке кәсіпкерлердің) екінші деңгейлі банктердегі депозиттерін Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) кепілдігі қорғайды.

Егер банк банк лицензиясынан айырылса, қор салымшыларға өтемақы төлейді. Осылайша қор қаржылық тұрақтылыққа өз үлесін қосып, азаматтардың қазақстандық банк секторына деген сенімін сақтайды.