LMC Automotive порталының мәліметінше, биылғы үш тоқсанда әлемде жаңа және жеңіл коммерциялық көліктердің сатылымы 59,5 млн дананы құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2% аз. Нарықтың бірте-бірте қалпына келуі көбіне жетекші ел Қытайдағы жағдайдың жақсаруына байланысты болды, онда сатылымдар 8,2% өсіп, 19,4 млн көлікті құрады. Сонымен қатар, көптеген басқа елдердегі жағдай әлі де пессимистік. Мысалы, Оңтүстік Кореяда өткен жылдың үш тоқсанымен салыстырғанда сату көлемі 6%, Жапонияда — 10,1%, Батыс Еуропада — 11, 7% төмендеді. Ал АҚШ-та — бірден 12,9%, Шығыс Еуропада (Түркияны қосқанда) жаңа жеңіл автокөліктер мен жеңіл коммерциялық көліктердің сатылымы 30,5% төмендеді.
Көршілес Ресейдегі автокөлік дилерлері үшін жағдай әлі де өте өкінішті. 2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында сатылым бар болғаны 506,7 мың жаңа автокөлік пен жеңіл коммерциялық көлікті құрады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 59,8% аз.
Ал Қазақстанда жағдай жаман емес. Былтырмен салыстырғанда сатылымдар біршама өсті: 0,4%. 2022 жылдың қаңтар–қыркүйегінде 87 мың автокөлік сатылды. Бір қызығы, жалпы әлем бойынша қазіргі уақытта 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылғы сатылымның орташа болжамды өсімі 0,4%-ды құрайды.
2022 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтар арасында ең танымал брендтер Chevrolet және Hyundai болады деп күтілуде, олар жаңа және жеңіл коммерциялық көліктердің барлық сатылымының 51,6%-ын құрады: сәйкесінше 24,5 мың және 20,4 мың автомобиль. Hyundai маркалы автокөліктердің сатылымы 14,7%, Chevrolet сатылымы 9,4% өсті.
2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы сатылымдар бойынша үздік 10 брендке сонымен қатар екі қытайлық бренд кірді: Chery (2,5 мың автокөлік) және Jac (2,1 мың автокөлік). Жалпы, таяу болашақта қытайлық брендтер Қазақстан нарығындағы өз үлесін айтарлықтай арттыра алады. Astana Motors Қытайдың жетекші үш автоалыбы — Changan, Chery және Haval көліктерін шығаратын зауыт салуға кіріседі. Біріншісі — Қытайдағы өндіріс көлемі бойынша № 1 бренд, екіншісі — Қытайдың экспорт бойынша көшбасшысы, үшіншісі — Қытай нарығында төртінші орында тұрған Great Wall Motor концернінің қосалқы бренді.
Қыркүйек айында Қазақстанда 12 мыңға жуық жаңа және жеңіл коммерциялық көлік сатылды, бұл 2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 19,3% артық. Қазақстандықтар арасында ең танымал модельдер Chevrolet Cobalt және Nexia болды (тиісінше 2,5 мың және 1,1 мың дана), Hyundai Tucson үздік үштікті (1,1 мың дана) жапты.
Жалпы, Қазақстанда қыркүйекте ең көп сатылған көліктердің ондығына төрт Hyundai (Tucson, Santa Fe, Sonata және Elantra), екі Chevrolet (Cobalt және Nexia), екі Kia (Ceed және Sportage) және Toyota (Land Cruiser Prado) мен Chery (Tigo 7 Pro) брендінен бір-бір модель кірді.