Қазақстандағы ұялы байланыс қарапайым тұтынушылық қызмет аясынан әлдеқашан шықты. Бүгінде бұл — күнделікті қарым-қатынас пен онлайн-төлемдерден бастап, бизнестің, мемлекеттік сервистердің, электрондық коммерция мен жаңа цифрлық технологиялардың жұмысына дейінгі елдің базалық цифрлық инфрақұрылымының бір бөлігі.

Бұл ретте нарық өсіп келеді. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында көрсетілген байланыс қызметтерінің көлемі 913 млрд теңгені құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ: 2020 жылы нарықтың жылдық көлемі 884,5 млрд теңгені құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,5 трлн теңгеге жетті.

Ақшалай мәндегі өсім тұтыну құрылымының өзгеруімен қатар жүреді. Мобильді интернеттің рөлі күн санап артып келеді, бұл желілерге түсетін жүктемені көбейтіп, пайдаланушылардың қосылу жылдамдығы мен сапасына қоятын талаптарын арттырады.

Сондықтан да бүгінде телекоммуникация нарығының дамуы SIM-карталар санына немесе тарифтерге ғана тіреліп тұрған жоқ. Саланың инфрақұрылымға қажетті инвестиция деңгейін ұстап тұру қабілеті басты факторға айналды.

Бүгінде Қазақстанның ұялы байланыс нарығын үш инфрақұрылымдық оператор құрап отыр:
• Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС;
• Beeline және izi брендтерімен жұмыс істейтін «КаР-Тел» ЖШС;
• Kcell және Activ брендтерімен жұмыс істейтін «Кселл» АҚ.

Сонымен қатар 2025 жылдың басынан бері нарықтағы меншік құрылымы айтарлықтай өзгерді: Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ның 100% үлесі катарлық Power International Holding компаниясына сатылды. Яғни барлық үш байланыс операторы меншік иелері әртүрлі тәуелсіз компаниялар болып табылады.

Осылайша, сөз тек үш бренд туралы емес, пайдаланушылар мен инвестициялар үшін бәсекелесетін үш тәуелсіз желі туралы болып отыр.

Соңғы уақытта БАҚ-та Қазақстанға жаңа байланыс операторы қажет пе деген талқылаулар жүріп жатыр. Біз бұл мәселені тереңірек зерттеп, нарыққа жаңа ойыншының қосылуы қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтауды жөн көрдік.

Ұялы байланыс — «тағы бір ойыншыны қоса салатын» оңай нарық емес.

Көптеген басқа нарықтарға қарағанда, жаңа ұялы байланыс операторының шығуы қомақты бастапқы инвестицияны қажет етеді. Жиіліктерді пайдалануға лицензиялар алудың өзі миллиардтаған қаражатты талап етеді, бұдан бөлек жабдық сатып алу, базалық станциялар желісін салу, көлік инфрақұрылымы мен желі ядросын қамтамасыз ету, елді мекендерді қамту, магистральдық арналарға қосылу, қуат көзін жеткізу және жабдықтарды техникалық қолдау және үнемі жаңартып отыруды қамтамасыз ету қажет. Сөз бұдан да ауқымды инвестиция мен миллиардтаған шығын жайлы болып отыр.

2022 жылдың соңында өткен бесiншi буын желілерін өрбітуге арналған жиіліктер аукционы бұған жақсы мысал болады. Ол кезде екі лот бұрын-соңды болмаған сомаға – жалпы алғанда 156 млрд теңгеден астам немесе шамамен 339 млн АҚШ долларына сатылды. Бұл — тек жиіліктер үшін төленген ақы. Инфрақұрылымды дамытуға және желілерді өрбітуге бөлек қомақты инвестиция қажет.

Соңғы жылдары саладағы инвестиция көлемі айтарлықтай өсті. Мысалы, 2023–2025 жылдары ақпарат және байланыс саласындағы негізгі капиталға 1,2 трлн теңге инвестиция салынды — бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 2,5 еседен астам көп. Бұл сала үшін айтарлықтай ауқымды инвестиция. Бұл орайда маңызды жайтты атап өту керек: экономиканың басқа бірқатар саласында капитал салымдарының едәуір бөлігін бюджеттік қаражат құраса, байланыс секторында басты жүктемені өз қаражатын инвестициялайтын бизнес көтереді.

Маңызды: аталған капитал салымдарының көлемі нақты ақпарат және байланыс секторына қатысты. Дегенмен, бұл деректер жалпы нарықтағы қалыптасқан жағдайды және оның өзгерістерін жақсы көрсетеді.

Жекелеген ұялы байланыс операторларын қарастыратын болсақ, онда да оң динамика байқалады.

Атап айтқанда, 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін «Кселлдің» капиталдық шығыны 411,8 млрд теңгені құрады, бұл — айтарлықтай инвестиция көлемі. Тек өткен толық жылдың өзінде бұл сома 29,3%-ға өсті. Осы аралықта «КаР-Телдің» капиталдық шығыны 288,6 млрд теңгені құрады. Ал 2025 жылы сома 22,2%-ға өсті. «Мобайл Телеком-Сервис» ашық дереккөздерде мәліметтерді жарияламайды, бірақ желілерді өрбітуге белсенді қатысады. Сәйкесінше, компанияның инвестиция көлемі де жоғары деңгейде деп болжауға болады. Тек 2030 жылға дейін компанияның желіге салатын инвестициясы 400 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ жер аумағы үлкен және халық тығыздығы салыстырмалы түрде төмен елде желіні дамыту құны өте жоғары болатынын түсінген маңызды. Оператор инфрақұрылымды әлеуетті түсімнің негізгі бөлігі шоғырланған ірі қалаларда ғана емес, сонымен бірге шағын елді мекендерде, автомобиль және темiржол бағдарларында, ауылдық жерлерде де қамтамасыз етуі тиіс.

Міне, сондықтан да көптеген елдерде ұялы байланыс нарығы біртіндеп бірнеше ірі инфрақұрылымдық ойыншы базалық желілік инфрақұрылымды қамтамасыз ететін, ал бәсекелестік осы базаның негізінде тарифтер, қызмет көрсету сапасы, цифрлық сервистер және басқа да факторлар есебінен қосымша дамитын модельге келді.

Төменде әртүрлі елдердің нарықтарына жаңа операторлардың сәтсіз шығу мысалдары егжей-тегжейлі қарастырамыз.

Ұялы байланыс нарықтарының шоғырлану мысалдары: 4 оператордан → 3 операторға

Жалпы алғанда, көптеген елдерде ұялы байланыс нарығының шоғырлануына қарай орнықты үрдіс байқалады. Ең көп таралған сценарий — ірі инфрақұрылымдық операторлар санын төрттен үшке дейін қысқарту. Бұл тәсіл әсіресе дамыған телекоммуникациялық нарықтарға тән.

Көрнекі мысал — АҚШ. 2020 жылы T-Mobile мен Sprint компанияларын біріктіру мәмілесі аяқталғаннан кейін нарықта өзіндік инфрақұрылымы бар үш ірі ұлттық оператор қалды: AT&T, T-Mobile және Verizon. T-Mobile мен Sprint-ті біріктіру мәмілесін мақұлдау кезінде американдық билік 5G желісін өрбіту бойынша нақты міндеттемелерді де бекітті. Өз кезегінде біріккен оператор мәміледен кейінгі үш жыл ішінде желіні, бизнесті және басқа да бағыттарды дамытуға 40 млрд АҚШ долларын инвестициялау жоспарын хабарлады.

Ұқсас үрдіс Еуропада да байқалады. Ұлыбританияда ұзаққа созылған монополияға қарсы тексерістен кейін Vodafone мен Three бірікті. Компаниялардың бірігуі инфрақұрылымдық ойыншылар санының қысқаруымен ғана емес, сонымен бірге инвестицияларды ұлғайту және нарықтың орнықтылығын арттыру бойынша міндеттемелермен қатар жүрді.

Мұндай жағдай Испанияда да бар. 2024 жылы Еуропалық комиссия Orange пен MásMóvil бірлескен кәсіпорнын құруды мақұлдады. Мәміледен кейін нарықта тағы екі ірі инфрақұрылымдық оператор — Telefónica мен Vodafone, сондай-ақ бірқатар MVNO (Mobile Virtual Network Operator, ұялы байланыстың виртуалды операторлары) жұмысын жалғастырды.

Нарықтың шоғырлануының басқа да мысалдары бар. Халықаралық практика көрсеткендей, ұялы инфрақұрылымның орнықты дамуы үш ірі желілік оператор болған кезде де мүмкін:
• Пәкістан. Нарық дәйекті шоғырланудан өтті — Jazz бен Warid бірігіп, Telenor Pakistan компаниясын PTCL сатып алғаннан кейін бес оператордан үш ірі ойыншыға дейін азайды.
• Румыния. 2024-2025 жылдары Telekom Romania Mobile бойынша мәміледен кейін нарық төрт негізгі ұялы оператордан үшке дейін шоғырланды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Orange, Digi және Vodafone негізгі инфрақұрылымдық ойыншылар болды.

Бұдан бөлек, мобильді интернет қызметтерінің сапасы бойынша әлемдік рейтингте көшбасшы орындарды иеленіп отырған, тек екі операторы бар нарықтар да бар. Мысалы, БАӘ мен Катарда екі байланыс операторы жұмыс істейді және бұл елдер мобильді интернет жылдамдығы бойынша абсолютті көшбасшы болып табылады. БАӘ-де бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден 6 есе, Катарда 5 есе артық. Яғни, тіпті екі оператордың өзі дамыған әрі әлемдегі ең үздік желіні құра алады.

Әлемдік практика сонымен қатар ірі операторлардың инфрақұрылымды қайталамай, керісінше желілік ресурстарды біріктіріп жатқанын көрсетеді. Швецияда Tele2 мен Telenor 2009 жылдан бері Net4Mobility компаниясы арқылы ұлттық желіні бірлесіп салып, пайдаланып келеді. Бүгінде олардың жалпы 5G желісі халықтың 99,9%-ын және ел аумағының шамамен 90%-ын қамтиды. Финляндияда DNA мен Telia екі параллель желіні салу әлдеқайда қымбатқа түсетін аз қоныстанған солтүстік және шығыс аймақтарда мобильді желіні бірге дамытуда. Ұлыбританияда барлық төрт ұлттық оператор ауылдық жерлерде қамтуды жылдам кеңейту үшін Shared Rural Network бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдық ресурстарды біріктірді.

Осы тәсіл ҚР-да қолданылады: «Кселл» мен «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2, Altel) қамтуды жылдам дамыту және инвестицияларды тиімді бағыттау үшін желілік ресурстарды бірге пайдаланады. Қазақстан үшін бұл тәжірибе әсіресе өзекті. Орасан зор аумақ, халықтың тығыздығы төмен және жиілік ресурсының шектеулі болуы нөлден бастап тағы бір тәуелсіз ұлттық желіні салуды ерекше көп капиталды қажет ететін әрі ұзақ жобаға айналдырады. Стратегиялық басымдықтардың бірі — ауылдық елді мекендерді ұялы байланыспен қамтамасыз ету. Жақсы мысал — үш оператор («Кселл», «Мобайл Телеком-Сервис» және «КаР-Тел») өз желілерін бірлесіп пайдалану арқылы сәтті жүзеге асырған «250+» бағдарламасы. Тіпті қалыптасқан инфрақұрылымы бар қолданыстағы операторлардың өзі тиімділік үшін ресурстарды біріктіріп жатқанда, тағы бір қосымша желіні құру сөзсіз қомақты қосымша инвестиция мен уақытты қажет етеді.

Бүгінде әлемдік телеком-салада ойыншылардың саны ғана емес, сонымен бірге желілерге салынатын инвестицияны сақтау үшін қажетті бизнес ауқымы да талқылануда. GSMA Intelligence деректері бойынша, 2016 жылдан бастап үш инфрақұрылымдық ойыншысы бар еуропалық нарықтардағы операторлар төрт ойыншысы бар нарықтарға қарағанда бір қосылымға орта есеппен 48%-ға көп инвестиция салған. Бұл үш операторы бар модель әмбебап дегенді білдірмейді, бірақ инфрақұрылымдық ойыншылар санының артуы өздігінен инвестициялардың өсуіне кепілдік бермейтінін көрсетеді.

Осы жағдай аясында халықаралық нарық көптеген жағдайларда инфрақұрылымды шоғырландыруға қарай бет бұрып келеді. Analysys Mason деректері бойынша, үш немесе одан да аз инфрақұрылымдық ұялы операторы бар нарықтарда тұратын еуропалықтардың үлесі 2015 жылғы 46%-дан 2025 жылы 56%-ға дейін өсті. Себеп бәсекелестіктен бас тартуда емес. Керісінше, екі деңгейді бөлу орын алуда: ірі операторлардың шектеулі саны қымбат инфрақұрылымды және оның дамуын қамтамасыз етеді, ал қосымша ойыншылар тарифтер, сервистер мен цифрлық өнімдер деңгейінде клиенттер үшін бәсекелесе алады. Міне, осы жерде «жаңа бәсекелестің пайда болуы үшін тағы бір ұлттық желіні салу міндетті ме» деген сұрақ туындайды.

Қазақстандағы жаңа байланыс операторы: ықтимал салдары

Төменде ҚР нарығына жаңа байланыс операторының шығуы қандай салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екеніне нақтырақ тоқталып өтеміз.

Бұған дейін атап өткеніміздей, төртінші желі — бұл ең алдымен төртінші инвестициялық жоба. Бүгінде жұмыс істеп тұрған операторлар желілерді ауқымды жаңарту процесінде. Соңғы жылдары салаға айтарлықтай көлемде инвестиция салынды, оларға деген қажеттілік алдағы уақытта да сақталады. Яғни, нарық алдында қазірдің өзінде ауқымды инвестициялық міндет тұр. Әңгіме тек ірі қалаларда мобильді интернет жылдамдығын арттыру туралы ғана емес, сонымен бірге ауылдық жерлерде қамту аймағын кеңейту, байланыс ұстамайтын «ақтаңдақтарды» жою, желілердің өткізу қабілетін ұлғайту және 5G-ді одан әрі дамыту туралы болып отыр.

Мұндай жағдайда төртінші инфрақұрылымдық оператордың пайда болуы тағы бір желіні қатар қаржыландыру қажеттілігін білдіреді.

Бұл ретте жаңа ойыншы инфрақұрылымды жұмыс істеп тұрған үш компанияда бұрыннан бар географиялық нүктелерде салуына тура келеді. Осы орайда тиімділік мәселесі туындайды: үш желі жұмыс істеп тұрған жерде төртінші базалық станциялар кешенін, көлік желілерін және басқа да жабдықтарды құру қаншалықты ұтымды?

Сонымен, қандай жағдай орын алуы мүмкін?

Біріншіден. Жаңа оператор Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған үш байланыс операторы дамытып жатқан инфрақұрылымды қайталайтын болады. Бұл қосымша инфрақұрылымға қосымша инвестиция салудың орындылығына қатысты сұрақ тудырады.

Екіншіден. Төртінші оператордың нарыққа шығуы нарық үшін бірқатар жағымсыз салдар тізбегін тудыруы мүмкін.

Абоненттік базаның өсу әлеуеті шектеулі. Бұл жаңа оператор айтарлықтай дәрежеде қолданыстағы пайдаланушылар үшін бәсекелесетінін білдіреді. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған операторлар мен жаңа ойыншы арасындағы абоненттердің ауысуы күшеюі мүмкін.
Баға бәсекелестігі күшейеді, бұл тарифтер мен операторлардың түсіміне қысым жасайды. Компаниялар үшін бұл әсіресе желілерді дамытуға инвестициялардың жоғары сұранысы сақталған кезде әлеуетті кірістіліктің төмендеуін білдіреді.
Операторлардың түсімінің азаюы олардың инвестициялық мүмкіндіктеріне әсер етуі мүмкін. Мұндай тәуекелдер тек телекоммуникация нарығының ерекшелігіне ғана емес, сонымен бірге халықаралық тәжірибеге де негізделген. Мәселен, Internet Society порталында нарыққа жаңа ұялы байланыс операторының шығу салдары туралы зерттеу жарияланды. Онда 2008–2020 жылдар аралығында әртүрлі елдерде тоғыз жаңа оператордың шығуы зерделенген.

Зерттеу нәтижелері бойынша барлық қарастырылған жағдайларда нарықта жұмыс істейтін компанияларда бір абоненттен түсетін орташа кірістің (ARPU) төмендеуі тіркелді. Орташа алғанда төмендеу шамамен 20%-ды құрады. Бұл ретте бірқатар жағдайларда көрсеткіш бұдан да жоғары болды: мысалы, Францияда 2012 жылы жаңа оператор пайда болғаннан кейін сектордағы ARPU 32%-ға, 2018 жылы Израильде де 32%-ға, ал Венгрияда 2017 жылы 27%-ға төмендеген.

Осылайша, жаңа оператордың пайда болуы жұмыс істеп тұрған компаниялардың кірістілігіне айтарлықтай қысым жасауы мүмкін. Осындай ықпал Қазақстан нарығында да көрініс табуы мүмкін.

Бұл сектордың даму қарқынына, жабдықтарды жаңартуға, желілерді өрбітуге және сайып келгенде, қызметтердің сапасына кері әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар, саланың табыстылығының төмендеуі бюджетке түсетін салық түсімдерінің — атап айтқанда, КТС мен ҚҚС бойынша, сондай-ақ операторлардың қызметіне байланысты басқа да төлемдердің қысқаруына әкеп соғуы ықтимал. Мемлекет қатысатын компаниялардан түсетін дивидендтер де жеке фактор болуы мүмкін.

Капиталдық шығындардың азаюы цифрлық сервистерді масштабтауға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге қажетті телекоммуникациялық инфрақұрылымның даму қарқынын шектеуі мүмкін.

Қосымша реттеушіге түсетін әкімшілік жүктеме артады, ал инфрақұрылымның қайталануы және спектрдің ықтимал бөлшектенуі саланың жалпы экономикалық тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Осылайша, халықаралық тәжірибе мен телекоммуникация саласының ерекшелігі жаңа инфрақұрылымдық оператордың пайда болуының ықтимал салдарының тұтас тізбегі туралы айтуға мүмкіндік береді. Бәсекелестіктің күшеюі өз алдына проблема емес, алайда оның инвестицияларға, компаниялардың кірістілігіне және желілік инфрақұрылымның одан әрі дамуына тигізетін әсерін ескеру маңызды.

Қазақстан үшін бұл мәселе ел алдында цифрлық экономиканы, жасанды интеллектті жедел дамыту және өңірлік цифрлық хабты қалыптастыру міндеттері тұрған кезеңде әсіресе өзекті.

Тағы қандай модельдер бар?

Мысалы, MVNO — компанияға өзінің толыққанды ұлттық желісін құрмай-ақ, қолданыстағы инфрақұрылымдық оператордың желілік қуаттарын пайдалана отырып, мобильді қызметтер нарығына шығуға мүмкіндік беретін модель.

Бұл ретте елде виртуалды операторлардың жұмыс істеуіне арналған нормативтік база қазірдің өзінде қалыптастырылған.

Қазақстандық нарық қазірдің өзінде қажетті динамиканы көрсетіп отыр

ҚР-дағы қазіргі ұялы байланыс нарығы жеткілікті түрде дамыған. Секторға салынатын капитал салымдарының өсуі қамту аймағын кеңейтуге, байланыс сапасын арттыруға және мобильді интернет жылдамдығын ұлғайтуға ықпал етеді. Мәселен, түрлі дереккөздерге сүйенсек, Қазақстандағы мобильді интернетпен қамту деңгейі 90%-дан, ал кейбір бағалаулар бойынша 95%-дан асады.

Бұл ретте елде шалғайдағы ауылдық елді мекендерді интернетке қосу жұмыстары жалғасуда, бұл телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың тек экономикалық емес, маңызды әлеуметтік мәнін да көрсетеді. Мысалы, жоғарыда аталған «250+» жобасы аясында операторлар инфрақұрылым құрылысын бөлісіп, ауылдық елді мекендерде бір-біріне желілерге қолжетімділік берді.

Оған қоса, соңғы жылдары елде мобильді интернет жылдамдығы айтарлықтай өсті. Бірқатар халықаралық рейтингтерге сәйкес ҚР мобильді интернет жылдамдығы бойынша аймақта көшбасшы орындарда. Бесінші буын (5G) желілерінің дамуын ерекше атап өткен жөн: Қазақстан оларды іске қосу және өрбіту қарқыны бойынша өңірдегі көшбасшылар қатарына кіреді.

Тарифтерге келетін болсақ, олардың қымбаттағанына қарамастан, Қазақстандағы ұялы байланыс қызметтері салыстырмалы түрде әлі де қолжетімді. Бұл ретте бағаның өсуі жалпы экономикалық үрдістің бір бөлігі болып табылады. Операторлар үшін қызмет құнының артуы басқа да факторлармен қатар, желілерді дамыту мен жаңғыртуға инвестиция салуды қолдау қажеттілігімен байланысты.

Тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру, керісінше, сала үшін қосымша тәуекелдер тудыруы мүмкін, өйткені кірістілік жеткіліксіз болған жағдайда, операторларға күрделі салымдардың қажетті деңгейін ұстап тұру қиынға соғады. Қызметтердің қолжетімділігі мен саланың инвестициялық тұрақтылығы арасындағы теңгерімді сақтаудың маңыздылығына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет назар аударған болатын.

Осы орайда, бұған дейін атап өткеніміздей, ұялы байланыс халық шығынының ең қолжетімді баптарының бірі болып қалады: шығын құрылымында ол шамамен 3,4%-ды алады және ұзақ мерзімді динамикада оның үлесі айтарлықтай өзгермейді. Яғни, халықтың табысы байланыс қызметтеріне жұмсалатын шығындарға қарағанда тезірек өсіп келеді. Салыстыру үшін: азық-түлік шығындары отбасылық бюджеттің едәуір үлкен бөлігін құрайды.

Осылайша, бүгінде мынадай көрініс қалыптасып отыр. Нарықта әртүрлі меншік иелері бар үш байланыс операторы жұмыс істейді. Өткен жылдармен салыстырғанда нарық айтарлықтай өзгерді, ал жұмыс істеп тұрған ойыншылар арасындағы бәсекелестік қалыптасып қойған.

Сонымен қатар операторлар секторды дамытуға қомақты инвестиция салып жатыр, бұл байланыс сапасына да, қызметтердің халыққа қолжетімділігіне де оң әсерін тигізеді. Мұндай жағдайда жаңа ұялы байланыс операторының пайда болуы инфрақұрылымның қайталануына, абоненттік базаның қайта бөлінуіне және саланың инвестициялық мүмкіндіктерінің төмендеуіне байланысты қосымша тәуекелдер тудыруы мүмкін.

Бұл бәсекелестік міндетті түрде жаңа инфрақұрылымдық ойыншының пайда болуы есебінен күшейеді деген сөз емес. Қазақстан үшін байланыс сапасы, қамту аумағы, жылдамдық және клиенттік тәжірибе маңызды. Қазірдің өзінде нарық әлемдік медиана деңгейіндегі жылдамдық бар кезде мобильді интернетке ең қолжетімді бағалардың бірін қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан жаңа тәуелсіз ойыншының пайда болуын, ең алдымен, ол шектеулі спектрді, абоненттік базаны және саланың инвестициялық ресурстарын бөлшектеудің ықтимал тәуекелдерінен жоғары бола ма, жоқ па деп, тұтынушы мен нарық үшін қосымша тиімділік тұрғысынан бағалаған жөн.

Желілерді дамыту мен жаңғыртуға инвестицияларды жеделдету, олардың сапасы мен инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыру басымдық болып қалуы тиіс. Сайып келгенде, қосымша инфрақұрылымдық желілер санын жай ғана көбейту есебінен жалпы нарық емес, көбірек инвестиция салатын, қамту мен жылдамдықты жақсырақ қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті баға мен ең жақсы клиенттік тәжірибені ұсынатын ойыншы ұтуы тиіс.