Еуропа елдері арасында газдың ең төмен тарифтері Қазақстанда тіркелген: 1000 куб метрге небәрі 58,5 АҚШ доллары. «РИА Рейтинг» сарапшыларының пікірінше, бұл 32 мемлекет арасындағы ең жақсы көрсеткіш.
Екінші орында Ресей: 1000 куб метрге 96,2 АҚШ доллары. Үздік үштікті Беларусь түйіндеді: 138,7 АҚШ доллары.
Салыстыру үшін: Еуропадағы ең қымбат газ Швецияда — 1000 куб метрге 1973,8 АҚШ доллары. Сондай-ақ газ ең қымбат елдер қатарында Дания (1000 куб метрге 1363,4 АҚШ доллары) және Нидерланды (1191,5 АҚШ доллары) бар.
Дегенмен, елдің қарапайым тұрғындары үшін бағаның өзі емес, оның қолжетімділігі, яғни тарифтердің жалақыға қатынасы маңызды, бұл тұтынушы қалтасына қаншалықты салмақ салатынын тікелей көрсетеді.
Бұл көрсеткіш бойынша да Қазақстан көш бастап тұр: мұнда орташа жалақыға 8,6 мың куб метр табиғи газ сатып алуға болады.
Одан кейін айтарлықтай айырмашылықпен Ресей (орташа жалақыға 7,5 мың куб метр газ) мен Ұлыбритания (6,3 мың куб метр газ) келеді.
Бір қызығы, халыққа газдың қолжетімділігі рейтингінің соңында газ бағасы қымбат елдер емес. Бұл да газдың өз бағасы емес, оның жалақыға шаққандағы қатынасының маңызды екенін көрсетеді. Осы көрсеткіш бойынша аутсайдерлер Молдова, Болгария және Грекия.
Айта кету керек, ҚР-да газдың арзандығы бірнеше жылдан сақаталып келеді. Мәселен, 2019 жылы тарифтер өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тіпті 4,3% төмендеді. 2020 жылы іс жүзінде бағаның өсуі байқалмады — бар болғаны 0,3%. Өз кезегінде, 2021 жылы баға өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 5,5% өсті.
Ал, биылғы тамыз айының қорытындысы бойынша, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ тарифтерінің өсімі жыл басымен салыстырғанда небәрі 0,1%-ды құрады.
Дегенмен, Қазақстанда газ бағасының отбасы бюджетіне салатын салмағының аздығы мен тарату желілеріндегі газ бағасының қымбаттамай тұрақты сақталатыны көгілдір отынды қалай болса солай үнемсіз пайдалануға болады дегенді білдірмесе керек.
Газды үнемдеу қалтаға ғана емес, сонымен қатар елдің де, әлемнің де экологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз газды тиімді тұтыну және үнемдеу бойынша бірқатар кеңестер береміз.