Ағымдағы жылдың алғашқы айының қорытындысы бойынша Қазақстан банктеріндегі бизнес салымдарының көлемі 19,3 трлн теңгені құрады. 2025 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш 2,02 трлн теңгеге (немесе 11,7%-ға) артқан. Банк секторындағы динамика біркелкі емес екені байқалады: Қазақстандағы 23 ЕДБ-ның тек 12-сі өсім көрсеткен, 9 банкте керісінше төмендеу тіркелген, ал тағы екеуі — нарықтағы жаңа қаржы институттары, олар бойынша жылдық деректер әзірге қалыптаспаған. Енді қазақстандық кәсіпкерлердің қаражаттары мен жинақтарын қай банктерге көбірек орналастырғанын қарастырайық.

Қазақстандағы ЕДБ арасында жылдық өсім бойынша ForteBank абсолютті көшбасшы атанды: заңды тұлғалардың салымдарының көлемі бірден 523,2 млрд теңгеге артып, 2,3 трлн теңгеге жетті. Айта кетерлігі, бизнес салымдарының көлемі бойынша қаржы институты Қазақстандағы үздік 3 ЕДБ қатарына кіреді және секторда қомақты 12% нарық үлесіне ие. Бір жыл ішінде банктің үлесі 1,7 пайыздық тармаққа ұлғайды. Мәлімет үшін: ForteBank-тегі жеке тұлғалардың салымдары қаңтар айының қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 30,6%-ға артқан.

ForteBank-те заңды тұлғалардың депозиттерінің артуы бизнестің банкке деген жоғары сенімін аңғартады. Жалпы алғанда, банк корпоративтік сегментте жоғары белсенділігімен ерекшеленеді: бүгінде заңды тұлғалардың салымдары қаржы институтының жиынтық депозиттік портфелінің 62,9%-ын құрайды. Бұған бизнеске арналған депозиттік өнімдердің кең желісі де ықпал етеді, олардың қатарында икемді Forte Comfort салымы, жинақтаушы Forte Capital және «Жинақ» депозиттері, сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі мерзімді салым, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын тұлғаларға, жер қойнауын пайдаланушыларға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинауға арналған шартты салымдар бар.

Тағы бір айта кетерлігі, ForteBank 2025 жылы International Banker нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең үздік коммерциялық банк деп танылды. Сарапшылар банктің қаржылық тұрақтылығын, басқару сапасын, цифрлық инфрақұрылымының дамуын, сондай-ақ халық пен бизнеске арналған өнімдік шешімдерінің тиімділігі мен ауқымдылығын атап өтті.

Бизнес салымдарының өсімі бойынша екінші орында Kaspi Bank тұр: өсім 487,1 млрд теңгені құрап, 863,2 млрд теңгеге жетті. Банк бұл көрсеткіш бойынша секторда 4,5% нарық үлесімен сегізінші орын алды. Мәлімет үшін: заңды тұлғалардың салымдары банктің жиынтық депозиттік портфелінің 11,1%-ын құрайды.

Жылдық өсім бойынша көшбасшылар үштігін Банк ЦентрКредит түйіндеді: бір жылда 437,9 млрд теңгеге артып, 2026 жылдың 1 ақпанына қарай 2,8 трлн теңгеге жетті. Банк бизнес салымдарының көлемі бойынша үздік үштікке кіреді және нарықтың 14,8%-ын иеленеді. Заңды тұлғалардың үлесі банктің жалпы салымдарының 45,4%-ын құрайды.

Өсім бойынша үздік бестікке Halyk Bank (плюс 235 млрд теңге) және Altyn Bank (плюс 152,9 млрд теңге) енді. Бұдан бөлек, Bereke Bank (125,6 млрд теңгеге артты) және Freedom Bank (115,4 млрд теңгеге өсті) тарапынан да елеулі өсім байқалды.

Жалпы алғанда, сектор бойынша бизнес салымдарының үлесі Қазақстандағы ЕДБ-ның салымдар портфелінің 40,8%-ын құрады, бұл бір жыл бұрынғы 41,7%-ға, бес жыл бұрынғы 49,8%-ға және он жыл бұрынғы 55,7%-ға қарағанда төмен.

Осылайша, деректер қазақстандық кәсіпкерлердің қаражатты сақтау және көбейту үшін нақты бірқатар банктерге басымдық беретінін көрсетеді.