Әлемдік экономиканың құбылмалылығы жоғары болып отырған кезеңде банк жүйесінің тұрақтылығы ерекше маңызға ие. Банктердің қаржылық сенімділігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі — өтімділік коэффициенттері, бұл нормативтер қаржы ұйымдарының салымшылар, кредиторлар және басқа да клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы әрі толық көлемде орындау қабілетін көрсетеді. Сондай-ақ олар банктің ақша қаражатына сұраныстың ықтимал артуына қаншалықты дайын екенін және тіпті күйзеліс кезеңдерінде де тұрақтылығын сақтай алатынын бағалауға мүмкіндік береді.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша ҚР ЕДБ-ның жоғары өтімді активтерінің көлемі 21 трлн теңгеге жуықтап, бір ай ішінде 3,1%-ға артты. Олардың банк секторының жиынтық активтеріндегі үлесі 28,8%-ды құрады. Жоғары өтімді активтердің көлемі бір жылда 11%-ға, ал соңғы бес жылда бірден 70%-ға өсті.

Қазақстанда банк жүйесінің тұрақтылығы үшін бұл көрсеткіштердің маңызы жоғары болғандықтан, өтімділік бойынша ең төменгі нормативтер белгіленген. Есептік күндегі жағдай бойынша еліміздегі барлық банктер реттеуші белгілеген талаптарды орындады. Өтімділік көрсеткіштері жекелеген қаржы институттары арасында айтарлықтай ерекшеленді, бұл олардың қызмет ерекшеліктерімен қатар, бизнес-модельдеріне, активтер мен пассивтерді басқару саясатының айырмашылықтарына да байланысты.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өтімділік коэффициенттері бойынша Қазақстандағы ірі ЕДБ арасында Отбасы банк абсолютті көшбасшы болды. Қаржы институты барлық негізгі коэффициенттер бойынша ең жоғары нәтижелерді көрсетіп, реттеуші белгілеген нормативтерден ғана емес, нарықтағы банктердің басым бөлігінің көрсеткіштерінен де айтарлықтай асып түсті. Мәселен, банктің ағымдағы өтімділік коэффициенті (k4) 3,4-ті құрады (ең төменгі норматив — 0,3), яғни, реттеуші белгілеген ең төменгі деңгейден 11 еседен астам жоғары болды. Банктің жедел өтімділік коэффициенттері де нормативтік талаптардан едәуір асып түсті: k4-1 — 295,1 (норматив — 1), k4-2 — 45,1 (норматив — 0,9), k4-3 — 14,2 (норматив — 0,8).

Бұл Отбасы банктің жоғары өтімді активтер қоры міндеттемелерінің көлемінен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді, нәтижесінде банк осы көрсеткіш бойынша қаржылық тұрақтылығы ең жоғары банктердің бірі саналады.

Еліміздегі ірі банктердің арасында Отбасы банктен бөлек, ағымдағы өтімділік коэффициенті (k4) бойынша ең жоғары көрсеткіштерді мына банктер де көрсетті:
• Bereke Bank — 3,1;
• Alatau City Bank — 3,1;
• Bank RBK — 2,8;
• Freedom Bank — 2,2.

Жедел өтімділік коэффициенті (k4-1) бойынша көшбасшыдан кейінгі орындарды мына банктер иеленді:
• Банк ЦентрКредит — 15,5;
• Еуразиялық Банк — 12,7;
• Bereke Bank — 11,5;
• Alatau City Bank — 8,8.

Жедел өтімділік коэффициенті (k4-2) бойынша жетекші орындарды мына банктер иеленді:
• Банк ЦентрКредит — 4,7;
• Alatau City Bank — 4,3;
• Bereke Bank — 3,8;
• Freedom Bank — 3,7.

Жедел өтімділік коэффициенті (k4-3) бойынша үздік нәтижелерді мына банктер көрсетті:
• Alatau City Bank — 2,1;
• Freedom Bank — 1,9;
• Еуразиялық Банк — 1,4;
• Банк ЦентрКредит — 1,4.

Айта кетерлігі, өтімділік коэффициенттері банк клиенттері үшін де маңызды көрсеткіштердің бірі болып саналады. Олар қаржы ұйымының қосымша қаражатты шұғыл тартпай-ақ немесе активтерін жедел сатпай-ақ өз міндеттемелерін қаншалықты жылдам орындай алатынын көрсетеді. Басқаша айтқанда, өтімділік деңгейінің жоғары болуы қаржы институтының қаржылық тұрақтылығының жоғары екенін білдіреді.