2026 жылдың қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша ҚР ЕДБ-ның пайдасы 1,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 244 млрд теңгеге (немесе 14,9%-ға) азайды. Салыстыру: 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында банк секторының пайдасы, керісінше, бір жылда 351,9 млрд теңгеге (немесе 27,3%-ға) өсіп, 1,6 трлн теңгеге жеткен еді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР ЕДБ-ның жалпы пайдасы 2,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 168,4 млрд теңгеге (немесе 6,6%-ға) артты.

Биыл жалпы көрсеткіштердің төмендеуі аясында Отбасы банк ерекшеленді — ол пайдасын айтарлықтай арттырған жалғыз ЕДБ болды. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша банктің пайдасы 100 млрд теңгеге жетіп (бір жыл бұрын — 74,5 млрд теңге), бір жылда 25,4 млрд теңгеге артты. Осылайша, бір жылда пайда 25,4 млрд теңгеге артты.

Отбасы банктің нәтижелерін халықаралық сарапшылар да жоғары бағалайды. Мәселен, биыл шілдеде Fitch Ratings агенттігі қаржы институтының рейтингін жоғары «ВВВ» деңгейінде, болжамын «Тұрақты» деп растады, агенттік банктің жоғары табыстылығын, операциялық тиімділігі мен қаржылық нәтижелерін атап өтті.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың толық қорытындысы бойынша Отбасы банк 127,5 млрд теңге пайда тапты, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға көп. Банк осы соманың 80%-ға жуығын өзінің жалғыз акционері — «„Бәйтерек“ ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ға дивиденд ретінде төлеуге бағыттады: 2024 жылдағыдай бірнеше траншпен 100 млрд теңге төленді. Естеріңізге салсақ, «Бәйтерек» холдингі — қаржылық қолдау көрсету, отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және басқа да бағыттар арқылы Қазақстан экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететін мемлекеттік даму институты.

Отбасы банктен бөлек, көрсеткіштер тек алты қаржы институтында өсті: Ситибанк Қазақстанда 5,7 млрд теңгеге, 59,3 млрд теңгеге дейін, Қытай СӨБ-те 1,4 млрд теңгеге, 17,7 млрд теңгеге дейін, ADCB Ислам банкінде 1,4 млрд теңгеге, 4,4 млрд теңгеге дейін, Home Credit Bank-те 0,9 млрд теңгеге, 26,6 млрд теңгеге дейін, Қазақстандағы Қытай банкінде 0,6 млрд теңгеге, 17,4 млрд теңгеге дейін, KZI Bank-те 0,4 млрд теңгеге, 12,1 млрд теңгеге дейін артты.

Қазақстандағы тағы 13 ЕДБ-ның пайдасы азайды. Бұдан бөлек, бір банк былтыр шығынға ұшыраса, биыл пайдасын арттырды (Freedom Bank, биылғы пайдасы — 22,3 млрд теңге), ал тағы бір банк нарыққа жаңадан келгендіктен, оның жылдық динамикасы әзірге жоқ (KMF Банк, биылғы пайдасы — 4,8 млрд теңге). Қазақстанның банк секторындағы екінші «жаңа ойыншы» — БиЭнКей Коммерциялық Банкі биылғы қаңтар–шілде айларын 1,9 млрд теңге шығынмен аяқтады.

ҚР ЕДБ үшін жоғары пайда, ең алдымен, меншікті капиталды арттыруға мүмкіндік береді. Егер пайда толығымен дивидендке жұмсалмаса, ол банк капиталын ұлғайтады, капитал көлемі жеткілікті болса, банк пруденциялық нормативтерді сақтай отырып, активтері мен кредиттерін арттыра алады.

Жоғары әрі тұрақты пайда:
• кредиттік шығындар мен басқа да тәуекелдерді капиталға айтарлықтай салмақ түсірмей жабуға мүмкіндік береді;
• қаржы институтының цифрландыру, инфрақұрылым және жаңа өнімдер сияқты бағыттарын өз қаражаты есебінен дамытуға мүмкіндік береді;
• экономикалық жағдай нашарлап, проблемалық кредиттер көбейген кезде банктің тұрақтылығын арттырады;
• мемлекеттік қаржы институттарында пайда мемлекеттік акционерге төленетін дивидендтер арқылы экономикаға қосымша оң әсер етеді, бұған Отбасы банк пен «Бәйтерек» холдингін мысал ретінде келтіруге болады.

Мәлімет үшін: 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,5%-ды (1 шілдеде — 3,7%), капитал рентабельділігі (ROE) 23,2%-ды (1 шілдеде — 24,1%) құрады.

Биыл шілде айының қорытындысы бойынша ҚР ЕДБ-ның меншікті капиталы 11,4 трлн теңгеге жетті. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) 19,9%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k2) 20,7%-ды құрады, бұл белгіленген нормативтерден едәуір жоғары және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді өтеуге мүмкіндік береді.