2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің активтері 57,8 трлн теңгеге жетті, бір жыл ішінде сома рекордтық 23,9%-ға өсті. Ал бес жыл ішінде активтер 2,2 еседен астам көбейген, соңғы бес жылдағы жиынтық орташа жылдық өсім қарқыны (CAGR) 18%-ды құрады.
Мұндай статистика соңғы жылдары банк секторының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Айта кетерлігі, нарықтағы ірі қатысушылар өсімнің негізгі драйвері болып табылады. Қазақстандағы үздік 5 ЕДБ үлесіне нарықтың 67,3%-ы, ал үздік 10 ЕДБ үлесіне шамамен 90%-ы тиесілі. Естеріңізге салсақ, Қазақстанның банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар.
Бүгінде ЕДБ секторы тұрақты әрі сенімді және әлемдегі өзгерістерді ескеріп, үнемі дамып, жетіліп отырады.
ҚР ЕДБ-ның барлық негізгі қаржылық көрсеткіштерінің ұлғаюынан бөлек, сектордың дамуына S&P Global Ratings, Fitch Ratings және Moody’s Investors Service сияқты халықаралық агенттіктер рейтингтік баға беріп отырады.
2024 жылы үздік ондыққа енетін барлық банктердің рейтингілері жаңартылды.
Мысалы, бір жыл ішінде екі бірдей рейтингтік агенттік Kaspi Bank-тің рейтингісін көтерді, сондай-ақ басқа үшінші ұйым жаңа рейтинг тағайындады. Бұл 2024 жылы екі бірдей агенттіктің қаржы институтының рейтингісін көтерген жалғыз жағдай болып саналады.
2024 жылғы 26 маусымда S&P Global Ratings агенттігі Kaspi Bank рейтингісін «Тұрақты» болжаммен BB-ден BB+ деңгейіне дейін көтерді. Айта кетерлігі, бұл ЕДБ-ның агенттіктен алған ең жоғары рейтингісі. Сонымен бірге 2024 жылдың 12 қыркүйегінде Moody’s Investors Service агенттігі қаржы институтының рейтингісін «Тұрақты» болжаммен Ba1-ден Baa3-ке дейін көтерді. Ал 2024 жылдың 19 қыркүйегінде Fitch Ratings Kaspi Bank-ке жаңа рейтинг, яғни, «Тұрақты» болжаммен BBB− рейтингісін тағайындады. Бұл рейтинг инвестициялық санатқа да жатады әрі ҚР банк секторындағы ең жоғары рейтингтердің бірі болып табылады.
Kaspi Bank-тен бөлек, Moody’s Investors Service еліміздегі ірі ЕДБ арасында Отбасы банкінің (Baa1 дейін), Halyk Bank-тің (Baa1 дейін), Bank RBK-ның (Ba2 дейін) және Еуразиялық банктің (Ba2 дейін) рейтингілерін көтерді.
Бұл − тек рейтингі көтерілген қаржы институттарының тізімі, ал барлық басқа екінші деңгейдегі банктердің рейтингілері расталды, бұл да оң көрсеткіш болып есептеледі. Алайда, Bereke Bank-ті сату туралы мәміле аяқталғаннан кейін Fitch Ratings банктің рейтингісін BB-ден B+ деңгейіне дейін төмендетті.
Жалпы алғанда, биыл Қазақстандағы үздік 10 ЕДБ-ны рейтингтік бағалау бойынша мынадай әрекеттер жасалды:
• S&P Global Ratings бір банктің рейтингісін көтерді, үш банктің рейтингісін растады;
• Fitch Ratings бір ЕДБ-ға жаңа рейтинг берді, үш банктің рейтингісін растап, бір банктің рейтингісін төмендетті;
• Moody’s Investors Service бес банктің рейтингісін көтеріп, үш қаржы институтының рейтингісін растады.
Пандемия басталғаннан кейінгі жылдары қазақстандық банктер халықаралық агенттіктердің тарапынан сенімге ие болды, бұл олардың түсініктемелерінде де баяндалып, Қазақстанның ел ретіндегі рейтингісіне оң ықпалын тигізді.