2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 18,9 трлн теңгеге жетті, өткен жылмен салыстырғанда, 27,4%-ға көп. Әдеттегідей, мұнай секторы ең көп салық төлейтін сектор болып танылды. Бұл материалда 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы топ-50 салық төлеушіні қарастырамыз.

Тау-кен компаниялары топ-5 салық төлеуші қатарына енді. Бірінші орында бұрынғыдай «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО): өткен жылдың қорытындысы бойынша компания бюджетке 3,7 трлн теңге аударған. Екінші орынға 978 млрд теңге салықпен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» орналасты. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 319,6 млрд теңге салықпен бірінші үштікті тәмамдайды. Одан кейінгі орындарға 259,3 млрд және 204,4 млрд теңге салықпен «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» филиалы жайғасты.

Айта кетерлігі, аталған бес компанияның төртеуінде салық төлемдері айтарлықтай азайған, мәселен, ТШО-да сома 17,8%-ға, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» компаниясында 30,1%-ға, «Маңғыстаумұнайгазда» 26,5%-ға, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» филиалында 14,5%-ға төмендеді. Нақтылай кетсек, 2023 жылы бұл тенденция бүкіл мұнай секторына тән болды.

Аталған жетекші бестіктен бөлек, 2023 жылы Қазақстанның топ-15 салық төлеушісі қатарына мынадай компаниялар енді:
• «Қазақстан Халық Банкі» АҚ — 203 млрд теңге;
• «Өзенмұнайгаз» АҚ — 198,1 млрд теңге;
• «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС — 178,3 млрд теңге;
• «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС — 170,5 млрд теңге;
• «Азиялық Газқұбыры» ЖШС — 167,8 млрд теңге;
• «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС — 159,5 млрд теңге;
• «Джей Ти Ай Қазақстан» ЖШС — 157,5 млрд теңге;
• «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС — 152,5 млрд теңге;
• «Ембімұнайгаз» АҚ — 145,9 млрд теңге;
• «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС — 139,2 млрд теңге.

Топ-50 компанияға кіретін басқа компаниялар туралы мәлімет төменде ақпараттық кестеде берілген.

Жалпы алғанда, аталған топ-50 компания мынадай экономика салалары бойынша жұмыс істейді:

• тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 23 компания;
• өңдеу өнеркәсібі — 9 компания;
• көтерме және бөлшек сауда — 7 компания;
• ақпарат және байланыс — 3 компания, дәлірек айтқанда, ұялы байланыс операторлары;
• қаржы және сақтандыру қызметі — 3 компания, дәлірек айтқанда, ҚР ЕДБ;
• көлік және қойма — 3 компания;
• кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 1 компания, дәлірек айтқанда, «„ҚазМұнайГаз“ ҰК» АҚ;
• құрылыс — 1 компания, қызметі өндіріс секторына бағытталған.