Қазіргі заманда тұрақты даму жай сәнді үрдіс болудан қалып, ұзақмерзімді табысқа бағытталған бизнес үшін қажетті шартқа айналуда. Экологиялық жауапкершілік, әлеуметтік белсенділік және корпоративтік басқарудың жоғары деңгейі (ESG) — бұл тек әдемі сөздер емес, сондай-ақ инвесторлардың, клиенттердің және жалпы қоғамның сенімін қалыптастыратын нақты қағидаттар.

Еліміз де бұл жаһандық үдерістерден тыс емес: көптеген отандық компания ESG тәсілдерін енгізудің маңызын түсініп келеді.

Бұған дейін біз ТМД елдері арасында Қазақстанның ESG қағидаттарын енгізу бойынша ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп отырғанын атап өттік. Алайда қазіргі таңда оң динамиканы негізінен ірі компаниялар мен даму институттары қалыптастыруда. Ал көптеген кәсіпорындар әлі де осы маңызды бағытты елемей келеді.

Мәселен, ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы жүргізген конъюнктуралық зерттеу деректеріне сәйкес елдегі кәсіпорындардың 76%-ы экологиялық талаптарды, 74%-ы корпоративтік басқару талаптарын, ал ұйымдардың 66%-ы әлеуметтік талаптарды сақтамайды.

Сондықтан елімізде ESG бағыттарын дамыту үшін әлі де біраз жұмыстар атқарылу керек.

Айта кететін бір жайт, экономика саласында ESG қағидаттарын (экологиялық, әлеуметтік және басқару талаптарын) қаржы секторы, атап айтқанда, ҚР ЕДБ бәрінен де жақсы ұстанады. Бұл деректі «Үлкен төрттікке» енетін халықаралық аудиттік компания сарапшылары да атап өткен.

Бұл негізсіз емес: нарық қатысушылары мен реттеуші органдар осы бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда.

ESG қағидаттарын ұстанудың ең маңызды элементтерінің бірі — ақпаратты ашу. Қазақстандағы қаржы ұйымдары ESG есептілігін жүргізу және экологиялық, әлеуметтік тәуекелдерді басқару тәжірибесін кеңінен қолдануда. Қазіргі уақытта бұл шаралар ерікті сипатта, алайда Қазақстанның қаржы нарығын реттеуге ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі жол картасына сәйкес 2026 жылдан бастап қаржы ұйымдары өздерінің жылдық есептерінде ESG туралы ақпаратты міндетті түрде жариялауға тиіс болады.

Бүгінде кейбір компаниялар өздерінің жылдық есептеріне ESG бөлімдерін ерікті түрде енгізіп қана қоймай, тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бойынша жеке құжаттарды да жариялап отыр. 2025 жылдың қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша Қазақстан қор биржасында (KASE) тек жеті компания 2024 жылға арналған тұрақты даму туралы жеке есептерін ұсынды. Олардың ішінде үш ЕДБ бар — Отбасы банк, Alatau City Bank және Home Credit Bank.

Отбасы банк — ақпаратты ашуға және ESG қағидаттарын ұстануға ерекше мән беретін компаниялардың бірі. Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесін жүзеге асыратын бұл қаржы институты деректерді мынадай есептерінде жариялайды:
• тұрақты даму туралы есеп;
• жылдық есеп;
• ESG Data Book;
• «Отбасы банк» АҚ-да алуан түрлілік пен инклюзивтілікті қамтамасыз ету бойынша іс-қимыл жоспарының орындалуы туралы есеп;
• басқалары.

Одан бөлек Отбасы банкінің сайтында тұрақты даму жайында жеке бөлім бар, онда әлеуметтік және экологиялық жобалар, ESG саясаты мен басқа да бастамалар туралы ақпарат берілген. Банк тұрақты даму қағидаттарын, сондай-ақ экологиялық, әлеуметтік және басқару талаптарын берік ұстанатын ұйым ретінде басқаларға үлгі бола алады.

Тұрақты даму принциптерін ұстанудың маңызы Қазақстанның көптеген мемлекеттік және даму бағдарламаларында атап көрсетілген, соның ішінде:
• Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы;
• Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы;
• Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы;
• Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы;
• Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025–2040 жылдарға арналған тұжырымдамасы;
• Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы;
• басқалары.

Қаржы секторы тұрғысынан алғанда, реттеуші 2023 жылы жоғарыда атап өткен Қазақстанның қаржы нарығын реттеуге ESG қағидаттарын енгізу жөнінде жол картасын қабылдаған болатын. Бұл жол карта бес негізгі бағытты қамтиды:
1. Қаржы ұйымдарының ESG тәуекелдеріне қатысты ақпаратты ашуы.
2. ЕSG тәуекелдерін басқару және кредиттік портфелінің көміртек ізін бағалау.
3. ESG қағидаттарын тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару жүйесіне енгізу.
4. ESG тәуекелдерін бақылау және оларды қадағалау жүйесімен біріктіру.
5. Қаржы нарығының ESG мәселелері бойынша сараптамалық әлеуетін арттыруға бағытталған іс-шаралар.

Осылайша, осы бағытта мемлекет деңгейінде ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Биыл көктемде Қазақстандағы Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC, Дүниежүзілік банк тобы) басшысы Зафар Хашимов пен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Абылқасымова қаржы секторына ESG тәжірибелерін енгізу жұмыстарына оң баға берді.

Тағы бір айта кетерлігі, тұрақты дамуға ұмтылу жолындағы маңызды қадам —ESG облигацияларын шығару. Бүгінде елімізде KASE қор биржасында мұндай қағаздарды шығаратын 14 эмитент бар. Әлеуметтік облигациялар бойынша ең ірі көрсеткіш Отбасы банкіне тиесілі: жеті шығарылым, бұл — абсолюттік рекорд. Ал Қазақстан даму банкі, Қазақстан тұрғын үй компаниясы және Азия даму банкі эмитенттердің әрқайсысына төрт ESG облигациядан шығарды. Бұл тенденция елімізде тұрақты қаржыландыруға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.

Қазақстан біртіндеп тұрақты даму бойынша тұтас бір экожүйе құруда, ал ESG қағидаттары тек сәнді тренд емес, сондай-ақ стратегиялық басқарудың негізгі құрамдас бөлігі. Мемлекеттің қатысуы, реттеуші органның белсенділігі, қаржы секторының, бизнес пен инвесторлардың қызығушылығы алдағы жылдары ESG күн тәртібінің ел экономикасына айтарлықтай ықпал ететінін айғақтайды. Демек, компаниялар үшін бұл енді тек имидж мәселесі емес, қоғам мен мемлекет алдындағы ұзақмерзімді жауапкершілік шарты болмақ.